Алматыда қала әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық әрекет тергеліп жатыр

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызмет Алматы қаласы әкімдігінің лауазымды және басқа да тұлғаларға қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР сыбайлас жемқорлыққар қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу барысында коммуналдық меншікті (сот үкімі бойынша тәркіленген 3 коттедж және 2 пәтер) өткізу тәртібінің бұзылуы анықталып бағалау туралы жалған есептер негізінде тікелей үлестес жеке тұлғаларға төмен бағамен сатылғаны анықталды (объектілердің құны бірнеше есе төмендетілген).

Олардың қылмыстық әрекеттері нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 819 млн теңгені құрады (жылжымайтын мүлік объектілері құнының айырмасы). Тергеу барысында қабылданған шаралардың нәтижесінде залал толығымен өтелді.

Сот санкциясымен үш күдікті үй қамағына алынды.

Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

«Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі»,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров 2 ай үйқамақта болатыны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар