Алматыда IT-технологиялар паркі ашылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Esentai Mall-дың жанында жаңа IT-технологиялар паркі пайда болады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жастарға, талантты жастарға жағдай жасауымыз керек. Қазір барлығы жаңа технологиямен айналысады. Біз стартап мүмкіндіктерін жасаймыз. Ал ол үшін арнайы орта қалыптастыру керек. Сондықтан біз IT-технологиялар паркін ұйымдастыруды ұйғардық. Ол «Esentai IT-технологиялар паркі» деп аталады. Esentai Mall сауда орталығының маңында ашылады. Қазір ол жерде үйлер салынып жатыр. Жеке инвестормен бірге шығармашылық орталық құрамыз. Онда талантты және шығармашыл жандар бас қосады. Біз ғылыммен, зерттеумен айналысатын адамдар үшін инновациялық стартап жасаймыз», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала басшысының айтуынша, әкімдік білім, денсаулық сақтау, ғылым, туризм және кәсіби қызмет көрсету салаларын дамытады.

«Қазір бізде сауда қызып тұр. Алайда ол экономикаға көп қаржы әкелмейді. Біздің мақсатымыз - білімді жастарға өз ауданында, өз мамандығы бойынша жұмыс орнын ашу», - деп түйіндеді әкім.

Соңғы жаңалықтар