Алматыда Испания мен АҚШ-тан есірткі алдырып, сатып келген қыз бен жігіт ұсталды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп, қалалық прокуратураның үйлестіруімен есірткі желісін жойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бес адам марихуана жеткізумен және сатумен айналысқан: бірге тұратын жұп, олардың досы - бетбелгі қоюшылар және курьер.

Жас жұптың қылмыстық процестің жетекшілері екендігі жедел және тергеу іс-шаралары барысында белгілі болған.

27 жастағы Л. есімді ер адам мен оның 35 жастағы серігі - К. есімді әйел ұйымдастырушы және үйлестіруші қызметін атқарған.

Бетбелгі қоюшы міндетін 28-30 жастағы екі адам орындаған. Ал шабарман жұмысы 25 жастағы жігітке жүктелген.

«Қала прокуратурасының үйлестіруімен «Есірткі қылмысына қарсы күрес» жобасы аясында жүргізілген мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде біздің бөлімшенің қызметкерлері ҚР ІІМ ЕҚД, ҚР АФМ өкілдерімен бірлесіп, мессенджер арқылы байланыссыз әдіспен есірткі сатуды жолға қойған есірткі сатушылардың қылмыстық әрекетінің жолын кесті», – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Тексеру барысында күдіктілердің Испания мен АҚШ-тан пошта арқылы есірткі салынған сәлемдемелер алғаны белгілі болды.

Тауар ақысын тұтынушылардан Qiwi әмиян арқылы алған.

Қаражатты екінші деңгейлі банктер арқылы шығарған. Тергеудің осы кезеңінде 49 банктік есепшот анықталды.

Ерлан Әлмағамбетов күдіктілердің қылмыстық әрекеті ресми түрде құжатталғанын, «сатып алу» жүргізілгенін атап өтті.

Сонымен қатар күдіктілердің тұрғылықты жерінде рұқсат етілген тінту жұмыстары жүргізілді.

Негізгі айыпталушылардың пәтерінен 6 миллион теңге, SIM-карталар, банк карталары, электронды таразылар, сондай-ақ ерекше иісі бар шиша мен өсімдік заттары табылып, тәркіленді.

Күдіктілер қамауға алынды.

Полиция өкілі ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайтынын еске салды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.


Соңғы жаңалықтар