Алматыда іскерлік туризм белсенді түрде дамытылмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы ICCA халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының мүшесі болды, енді қалада іскерлік туризм белсенді түрде дамиды. Мегаполисте халықаралық корпоративтік іс-шараларға жол ашылды. Мұндай пікірді SkyWay туроператорының директоры Әсем Қозбағарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ІCCA-ға мүшелік – Алматыдағы MICE туризмді (іскерлік) халықаралық аренада дамыту жоспарының бір бөлігі.

«Іскерлік туризмде Алматыға жақын орналасқан этноауыл танымал бола алады. Корпоративтік клиенттерге арналған арнайы бағдарламалар, тимбилдинг, рафтинг, парапландар сияқты түрлі іс-шара бар», - деді ол.

Спикердің сөзінше, MICE туризмі – корпоративтік іс-шараларды ұйымдастырумен және өткізумен байланысты іскерлік туризм.

«MICE туризмі (іскерлік) нені қамтиды? Meetings – корпоративтік кездесулер. Incentives – тимбилдинг және қызметкерлерге арналған ынталандыру турлары. Conferences – іскерлік конференциялар, конгресстер, форумдар, семинарлар. Events – мекемеден тыс, көшпелі концерттер, көрмелер және тағы басқалары», - деп түсіндірді спикер.

Әсем Қозбағарова ICCA-ға мүше болу қала үшін өте жақсы оқиға деп санайды.

«Бұл платформа әртүрлі оқиғаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қала кейбір іс-шараларды өткізу үшін осы Қауымдастыққа мүше басқа қалалармен бәсекеге түсе алады. Олар ұйымдастырушыларға түрлі ұсыныс жасауға мүмкіндік алды», - деп қосты Әсем Қозбағарова.

Туристік компанияның бас директоры қалаға әртүрлі елдерден келетін туристердің көбейгенін айтты. Тек соңғы үш айда оның ұйымының қызметін 500-ден астам адам пайдаланған.

«Басқа компаниялар да бар. Туристер әртүрлі. Қалаға туроператорлар арқылы келетіндер бар, өздері келетіндер де бар, кейбір бизнес серіктестерінің шақыртуымен келетіндер де жиі кездеседі», - деді ол.

Сонымен қатар, ол Алматы – туристердің экскурсиялық қызығушылығын тудыратын қала екенін атап өтті.

«Бізде тарихи ескерткіштер бар. Туристер қалада саяхат жасай алады. Мұндағы ең танымал орындар ішінде: Медеу, Шымбұлақ, Көктөбе. Сондай-ақ, қала маңында Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Қайыңды, Есік көлі бар. «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы мен «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығын да айтуға болады», - деді спикер.

Еске салайық, 2022 жылдың 1 тамызынан бастап Алматы қаласы ICCA халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының мүшесі болды (International Congress & Convention Association).

Айта кетсек, ICCA мүшелері – 88 түрлі елдегі 950 қала. ICCA рейтингісіне сәйкес, Қазақстан MICE-туризм бойынша әлемде 79-орында (2020).


Соңғы жаңалықтар