Алматыда іске қосылған iAzamat интерактивті қосымшасы қалай жұмыс істейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі қала тұрғындарымен диалог орнатып, олардың ұсыныстарын тыңдап, тікелей жауап беру үшін IAzamat мобильді қосымшасын іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

«Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұртас Қайыровтың айтуынша, IAzamat қосымшасы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатында әрбір жергілікті атқарушы органда тұрғындармен тікелей және кері байланыс орнату үшін жасалған.

«Бұл қосымша - тұрғындар мен қала билігінің диалог алаңы. Ол жерде азаматтар түрлі жоба бойынша өз ұсыныстарын айтып, талқылай отырып, пікір қалдыра алады. Сондай-ақ, ол жерден қалада қандай жобалар іске асырылып жатқанын көріп, олардың қалаға қаншалықты қажет екеніне баға беруге болады»,– дейді ол.

Сонымен қатар ол аталған қосымша арқылы тұрғындардың пікірін ескере отырып қаланың инфрақұрылымы, жол жүйесі жасалатынын жеткізді.

«Қай жерді абаттандырып, көгалдандыру керектігін де осы қосымшада талқылап, іске асырамыз. Алматылықтардың барлық ұсыныстары мен пікірлері қосымшада көрініп тұрады. Оған қоса қала әкімдігі мен түрлі құрылым басшылары онлайн режимде тұрғындардың сауалдарына тікелей жауап беріп отырады»,– дейді Қайыров.

Бұдан бөлек, жобалардан тыс бұл қосымшадан қалаға қатысты өзекті мағлұматтарды алуға болады. Яғни, қаладағы білім, экономика, мәдениетке қатысты қажетті мәліметтер мен жетістіктер тұрғындар назарына ұсынылып отырады.

Сонымен қатар, азаматтар қалада жаңадан ашылып жатқан нысандар жайлы біліп отырады.

Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев iAzamat интерактивті қосымшасы іске қосылғанын хабарлаған болатын.


Соңғы жаңалықтар