Алматыда ішімдікке масайған ер адам аспанға бірнеше оқ атқан

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда мас ер адам өз ауласында аспанға қарата бірнеше рет оқ атты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Түрксіб ауданында болды. Ш. есімді азамат көршісіне телефон соғып, итке бірнеше күн қарап беруін өтінген. Әңгіме барысында ол өз-өзіне қол жұмсағысы келетінін айтқан.

«Мұны естіген әйел шұғыл түрде «102» нөміріне қоңырау шалды. Үйге патрульдік жасақ, тергеу-жедел тобы және Полиция департаменті басшылығы келді. Үй иесі мас күйде болды. Аспанға бірнеше рет оқ атқан. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Біздің қызметкерлер мас адамды ұстап, оның атына тіркелген тегіс ұңғылы мылтықты тәркіледі», – деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев.

Медициналық тексеруден кейін ұсталған адамның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 105-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді.

«Ш. есімді азаматқа ішімдіктен мәжбүрлі түрде емделу тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша, өз-өзіне қол жұмсауға әйелінің үйінен кетуі себеп болған»,- деп атап өтті полиция өкілі.


Соңғы жаңалықтар