Алматыда ипотекалық қарыз алғандарға көмек көрсету мәселесі қаралды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын орындау бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және проблемалық тұрғын үй ипотекалық қарыз бойынша қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында қарыз алушылардың екінші деңгейлі банктерге өтініш беру кезінде кездесетін мәселелер және берілген өтінімдерді қарау мерзімдері талқыланды.

Агенттік үш бағыттан тұратын негізгі бағдарламаның жүзеге асырылу барысымен таныстырды.

2021 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Қазақстанда бағдарламаның бірінші бөлігі аясында 171 млрд теңгеге 28 мың қарыз қайта қаржыландырылды. Қарыз алушылардың сыйақы, комиссия, 154,3 млрд теңге сомасындағы тұрақсыздық бойынша берешегі кешірілді.

Азаматтардың валюталық ипотекалық қарызын конвертациялау бойынша бағдарламаның екінші бөлігі 2020 жылы аяқталды. Жалпы сомасы 132,1 млрд теңгеге 13,8 мың валюталық ипотекалық қарыз конвертацияланды. Қарыз алушылардың сыйақы, комиссия, 109,3 млрд теңге сомасындағы тұрақсыздық бойынша берешегі кешірілді.

Агенттік жұмысының нәтижесі бойынша банктермен бірлесіп бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін халықтың валюталық ипотекалық қарыздарының 100% жеңілдікті бағам бойынша теңгеге ауыстырылды және азаматтар болашақта валюталық қауіп-қатерден қорғалды.

Қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал тобы санаты бойынша қарызды бағдарлама шеңберінде бұрын қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларды, сондай-ақ ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді орындау есебінен жалғыз тұрғын үйі банктердің балансына өткен азаматтарды қолдауға бағытталған бағдарламаның үшінші бөлігі іске асырылуда.

Банктерге қарыз алушының қаржылық және әлеуметтік жағдайын талдау негізінде негізгі борышты азайту түрінде борыш жүктемесін жеңілдетудің қосымша тетіктерін жеке тәртіппен қолдану, қарыз алушының табысын ең төменгі күнкөріс деңгейінен сақтай отырып, 20 мың теңгеден басталатын ай сайынғы төлеммен жеңілдік кестелерін белгілеу құқығы берілді.

Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер және алименттер де кіріс ретінде танылмайды.

Банктің балансында тұрған жалғыз тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны жылдық мөлшері 3% сыйақы бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру не оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі.

Бүгінде 14,0 млрд теңге сомасына 1,5 мыңнан астам қарыз алушыға қосымша көмек көрсетілді.

Ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мерзімі 2021 жылдың 1 шілдесінде аяқталады.

Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін қарыз алушылар борыш жүктемесін азайту үшін 2021 жылғы 1 маусымға дейін несие беруші банктерге жүгінуі қажет.

Банк қосымша көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда қарыз алушылар бағдарлама шеңберінде банктердің қарызды қайта қаржыландырудан бас тартуына қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссияға жүгінуге құқылы.


Соңғы жаңалықтар