Алматыда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қанша қаражат керек

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қала шекарасындағы коммуналдық инфрақұрылым біркелкі дамымаған. Мегаполистің кей аудандарында орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйесі жоқ. Бұл туралы Алматының бас жоспарын қоғамдық талқылау барысында «Алматыбасжоспар» ҒЗИ ЖШС бас инженері Гүлнар Нахметова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы қаласының сумен жабдықтау және кәріз жүйесі - еліміздегі ең ірі жүйе.

Қолданыстағы жерасты және жер үсті су көздерінің жобалық қуаты - тәулігіне 1343 мың текше метр, қаланың қазіргі қажеттілігі - тәулігіне 600-750 мың текше метр.

«Бүгінде қала шекарасындағы коммуналдық инфрақұрылым біркелкі дамымаған. Қаланың кейбір бөліктерінде орталықтандырылған сумен жабдықтау және су бұру жүйесі жоқ. Қолданыстағы желілердің негізгі бөлігі кеңестік жылдары дамудың жай-күйін және сол кездегі қала шекараларын ескере отырып салынды. Тәуелсіздік жылдарында қала шекаралары бірнеше рет кеңейді. Бұрын инженерлік инфрақұрылымы жоқ совхоздар мен бау-бақша шаруашылықтарына тиесілі жерлер қалаға қосылды»,- дейді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ ЖШС өкілі.

Бүгінгі күні Наурызбай ауданы бойынша су тапшылығын жою үшін Қарғалы және Ақсай өзендерінде су дайындау бойынша екі станцияның құрылысы жүріп жатыр.

Сондай-ақ Барлық су қоймасын салу жоспарда тұр.

«Бұл барлық шағынаудандарды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бостандық ауданының оңтүстік бөлігі бойынша Ерменсай су дайындау станциясының құрылысы жүргізілуде, Медеу ауданының тау бөктеріндегі шағын аудандарын сумен қамтамасыз ету үшін Балқаш және Бастау су қоймаларын қайта жаңарту көзделген»,- дейді Гүлнар Нахметова.

Спикердің сөзінше, Алматыда негізгі проблема тозған су желілері болып қала береді, бұл белгілі бір тұтынушыға су жеткізуді қиындатады.

Мәселен, Алматы қаласы бойынша су құбыры желілерінің тозуы - қазіргі уақытта 54,2 пайыз. Тиісінше 1943 шақырым су құбыры желілерін ауыстыру қажет.

Кәріздердің тозуы - 56,6% пайыз. Яғни 1000 км-ден астам желіні жаңарту қажет.

«Су құбыры мен құрылғылар құрылысының бірінші кезегін іске асыру аясында 2030 жылға дейін инвестиция көлемі - 144 млрд теңге. Инженерлік инфрақұрылым құрылысының екінші кезегіне (2040 жылға дейін) 257 млрд теңге мөлшерінде қаржы қажет, оның ішінде 1545 км су құбыры желілеріне. Сумен жабдықтау жүйесін дамытумен бір мезгілде қалалық аумақтарды кәріздеу бағдарламасын жедел іске асыру көзделген»,- дейді жоба әзірлеуші.

Сондай- ақ жобада кәріз желілерін салу қарастырылған. 2030 жылға дейін - 546 км, 2040 жылға қарай - 1171 км.

«Алматы қаласының бас жоспарында Батыс және Боралдай коллекторларын, Қаскелең дюкерін, Сорбұлақ бұру және апаттық-ағызу каналдарын реконструкциялау, қолданыстағыларын қайта жаңартуды және жаңа кәріздік сорғы станциясын салу қарастырылған»,- деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас инженері Гүлнар Нахметова.

Айта кетейік, Алматыда 2040 жылға дейінгі Алматы қаласының бас жоспарын қоғамдық талқылау жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар