Алматыда инватаксилердің саны артады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мегаполисте бүгінгі күні мүгедектігі бар жандарға 46 инватакси қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта олардың санын 100-ге жеткізу жоспарда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматыда қала басшысының бастамасымен инватакси саны артады. Инватакси автокөліктерін 46-дан 100-ге дейін ұлғайту үшін жергілікті бюджеттен қосымша 244 млн теңге бөлінді», - деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы брифинг барысында.

Айтуынша, инватакси қызметін айына 1 500 ересек және 357 мүмкіндігі шектеулі бала пайдаланады. Сондай-ақ, 15 700 мүгедектігі бар жанға көмек берілген.

«Жыл басынан бері Алматыда тұратын 10 500 мүмкіндігі шектеулі жан техникалық оңалту құралдарын алды. Сонымен бірге, 5 200 мүгедектігі бар адамдарға ымдау тілі мамандарының, жеке көмекшілердің көмегі түрінде әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, сондай-ақ шипажайлық емделуге жіберілді. Әкімдікте инклюзивті қоғамды дамыту үшін барлық шаралар қабылданып жатыр», - деді ол.

Қазіргі уақытта қалада 53 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар саны – 8 151.

«Жеке оңалту бағдарламасының арқасында мүгедектер оңалтуға арналған техникалық құралдармен және әлеуметтік қызметтермен тегін қамтамасыз етіледі. Қажетті қаражатты «әлеуметтік қызметтер порталынан» өтінім арқылы алуға болады, жекелеген жағдайларда біз мемлекеттік сатып алу арқылы жеке іріктеуді талап ететін техникалық құралдарды сатып аламыз», - деп түсіндірді Данияр Әлкебайұлы.

Спикер қалада 2021-2023 жылдарға арналған нысандарға қолжетімділіктің кешенді жоспары жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар