Алматыда «International Eduation Fair 2018» көрмесі өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «International Education Fair 2018» халықаралық білім жәрмеңкесі жалғасын тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық сарапшылар қатысқан ауқымды шара білім саласындағы халықаралық әріптестікті дамытуға, әлемдік білім-ғылым кеңістігіне интеграциялануға, өзара тәжірибе алмасуға бағытталған.

"Бүгінде елімізде ғаламдық білім беру трендтері барлық білім беру сатыларында тиімді жүргізіліп келеді. Қазақстанда 20 Назарбаев зияткерлік мектебі, Назарбаев университеті жұмыс істейді. Болашақ стипендиясы бар. Елбасының халыққа жолдауында азаматтардың өмірінің сапасын  арттырудың 10 міндеті айқындалған. Білім саласында басты басымдық  7 міндет  - адами капиталды дамытуға беріліп отыр. Бүгінгі халықаралық көрме осы басымдықты жүзеге асыруға бағытталған", - деді мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова.

Францияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Филипп Мартинэ өз сөзінде биыл Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікке он жыл толатынын айтып, екі ел арасындағы серіктестік ғылым-біліммен тығыз байланысты екенін атап өтті. Елші Франция үкіметінің шет елдік студенттердің оқуына біршама қаржы бөлетінін және талапты студенттерге зерттеулер жүргізулері мен тұрмысына стипендия бөлетінін айтты.

Астанада өткен көрме барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Франция елшілігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, «Абай-Верн» жобасы іске қосылғаны туралы хабарланды.  «Абай - Верн» бағдарламасы Франция үкіметі мен ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе іске асатын  студенттік мобильділік бағдарламасы. 2018 жылдан бастап жыл сайын бағдарлама бойынша 100 стипендия бөлінетін болады.

Сонымен қатар Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті мен Шанхай политехникалық университеті және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Айта кету керек, айтулы шараға 35 қазақстандық ЖОО мен 75 тарта шетелдік оқу орны,  20 халықаралық білім агенттігі қатысты.

 Бұл көрме 20 қаңтарда Астанада,  22-23 қаңтарда Шымкентте өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар