Алматыда инфекция ошақтарында қалғандардың жалақысы сақталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Ішкі карантин жарияланды. Қалада инфекция ошақтарында қалған азаматтардың жұмыс орны сақталып, уақытша емделу демалысына жіберіледі. Бұл туралы бүгін онлайн конференция барысында әкімдік өкілдері айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай жариялау» Жарлығын орындау мақсатында, коронавирус инфекциясының таралуымен күресу штабының шешімімен және Алматы қаласындағы бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің №8 үкімімен қала аймағында карантин жарияланды.

Жаңа карантиндік жағдайға сәйкес қала ішіндегі тұрғындардың тұрмысы арнайы режімге өтеді. Инфекцияны жұқтырғандар тұратын пәтерлер оқшауланып, барлық аумақ залалсыздандырылады.

Атап өтетін жайт, барлық меншік үлгісіндегі кәсіпорындар мен мекемелер COVID-19 вирусын жұқтырғандармен байланысып, оқшаулауда қалған азаматтардың жұмыс орны мен еңбекке жарамсыздық парағы бойынша жәрдемақысын төлеуге міндетті.

Шектеу немесе тексеру шараларын өткізу барысында сақтық шараларына ерекше мән беріледі. Қалалық арнайы қызмет мекемелерінің өкілдері жеке басты қорғау құраларымен жабдықталып, блок бекеттерде тазалық сақтау құрылғылары орнатылады.

Сонымен қатар, үй карантинін сақтамағандар ҚР заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Қала билігі тұрғындарды төтенше жағдай режіміне түсінушілікпен қарап, тәртіпке бағынып, аса мұқтаж жағдай болмаса сыртқа шықпай, барлық сақтық шараларын орындауға шақырады.

Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар:

- тұрғылықты үйінде немесе жұмыс орнында вирус жұқтырушымен соңғы кездескен уақыттан бастап инкубациялық кезең бойына (14 күн ) өзін-өзі оқшаулау режімін қатаң сақтау (үй карантині, сыртқа шығуға тыйым салынады) қажет.

- отбасы мүшерінің денсаулығын жіті бақылауда ұстаған жөн.

- ЖРВИ (дене қызуы, тұмау, жөтел) белгілері байқалған жағдайда жедел жәрдем шақыруы тиіс.

Сұрақ бойынша тәулік бойы қызмет көрсететін колл орталық– 1406 және Open Almaty – 1308 нөмірлеріне хабарласуға болады. Егер аурудың асқынған белгісі анықталған жағдайда жедел түрде 382-33-50 нөмірі бойынша қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне хабарласу керек.

Ресми ақпараттарды Алматы қаласы әкімдігі сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан алуға болады. Қосымша ақпарат StopcovAlmaty Telegram парақшасынан табасыздар.

Еске салайық, 19 наурыздар бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин жарияланды. Қалаға тұрғындардың кіріп-шығуы шектелді.


Соңғы жаңалықтар