Алматыда иммунизация апталығы басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда иммунизация апталығы басталды. Шара сәуірдің 22-26 аралығында өткізілетін «Адам өмірін қорғау» атты еуропалық иммунизация апталығына орай ұйымдастырылды. Бүгін Алматыда аталған апталық аясында баспасөз мәслихаты өтті.

«Ертең ДДСҰ ұйымының бастамасымен еуропалық иммундау апталығы басталады. Соның аясында елімізде бірқатар шаралар өткізілмек. Қазіргі күні екпенің 5 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын қорғап, өмірін аман алып қалу үшін маңызы зор екендігі белгілі болды. ДДСҰ дерегі бойынша, екпенің арқасында жыл сайын жер бетінде 3 млн. адам өлімнен аман қалады екен. Осы бағытта елімізде биыл 15 млрд. теңге қарастырылып отыр», - деді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының директоры Шалғынбай Өтегенов. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда екпенің сапасы жоғарылап, оның қауіпсіздігі жоғары дәрежеге жетті. «Иммундаудың мемлекеттік бағдарламасының арқасында сал ауруы 2010 жылдан бері тіркелмеген. Бұған дейін соңғы ауру 1995 жылы тіркелген еді. Осы уақытқа дейін күл ауруы әлі бір рет тіркелмеді. Қазір ҚР ұлттық екпе күнтізбесіне 11 түрлі ауруға қарсы екпе кіреді», - деді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының бөлім бастығы Айнагүл Қуатбаева. Оның айтуынша, апталық шеңберінде шалғайда орналасқан елді мекендердің тұрғындарын екпемен қамту үшін арнайы бригадалар ұйымдастырылатын болады.

Соңғы жаңалықтар