Алматыда І Халықаралық жас ғалымдар форумы басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматыда 8-10 қыркүйек аралығында «Тәуелсіз Қазақстанның зияткерлік әлеуеті: қалыптасуы мен дамуына 30 жыл» атты І Халықаралық жас ғалымдар форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ірі ғылыми шараны Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Ғылыми кеңес ұйымдастырады. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Форумды өткізуге қолдау көрсетеді.

«Тәуелсіз Қазақстанның зияткерлік әлеуеті: қалыптасуы мен дамуына 30 жыл» I Халықаралық жас ғалымдар форумына 14 елден 200-ге жуық спикер мен баяндама жасаушылар қатысады. Олар: Қазақстан, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Канада, Қытай, Латвия, Португалия, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түркия, Украина, Франция елдерінен келеді.

Ғылыми форумның мақсаты – ғалымдарды, саясаткерлерді, өндіріс жетекшілерін, азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдерін жинап, ұлттық ғылымды дамытудың өзекті мәселелерін талқылау.

Форумның бағдарламалық іс-шаралары барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне талдау жасалады.

Форумның негізгі қатысушылары — жас ғалымдар. Олар ғылыми жобалар көрмесінде өз идеяларын ұсынады. Сонымен қатар, «Жасыл әлем» және «Тұлға мен қоғам» ғылыми сессияларында саланы дамытуға арналған бастамалар мен ұсыныстарын айтады деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар