Алматыда Хмельницкий көшесі Талғар тасжолына дейін ұзарады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тағы бір көше ұзарады. Қазір жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесуге келген Түрксіб ауданы тұрғындарының бірі Хмельницкий көшесіне қатысты сұрақ қойды.

«Интернетте Алматының жолдарын ұзарту сызбасы пайда болды. Сүйінбай, Богдан Хмельницкий көшелерінен Жұмабаевқа дейінгі жол бар. Менің білгім келетіні - бұл бекітілген ұзарту жоспары ма?» деп сұрады тұрғын.

Шаһар басшысы қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспары бекітілгенін атап өтті. Жоба аясында Хмельницкий көшесі Талғар тасжолына дейін ұзарады.

«Бізге түзу жол қажет, қисық, тар жолдардың тиімділігі шамалы. Біз бүкіл институттарды тартып, көлік бағыттарын бірге қарастырдық. Бұл Алматының орталығындағы үлкен магистральдық көшелерді ұзартуға да қатысты. Өкінішке қарай, қала басқаша дами алмайды. Барлық басқа мәселені нарықтық бағамен шешеміз, ешкімді ренжітпейміз»,-деді ол.

Алматының қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев Хмельницкий көшесін Талғар тасжолына дейін ұзарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын жеткізді.

«Богдан Хмельницкий көшесін ұзарту бас жоспармен бекітілген. Бүгінде біз жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатырмыз, сәулетшілер қызыл сызықтарды анықтады»,- деп түсіндірді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар