Алматыда ХҚО қызметкері кәріз құдығында уланып қалған екі азаматты құтқарды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Ержан Әбдіразақов кәріз желісінде тұншығып қалған екі жігітті аман алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқыс оқиға бүгін 12:20-да Наурызбай ауданындағы Сәбден Бегалинов көшелерінің қиылысында болған. Алматы су кәсіпорнының 2 қызметкері кәріз құдығына түсіп, газға уланып қалған.

Абырой болғанда күндіз жұмысына шыққан Наурызбай аудандық ХҚКО қызметкері Ержан Әбдіразақов жол шетінде топталып тұрған адамдарды көрген.

«Бір топ адам люктің қасында тұр екен. Қарасам, іште 2 жігіт жатыр. Біреуі мүлдем қозғалыссыз. Екіншісінің бет-аузы жыбырлап жатты. Жолдан жол полициясы қызметкерлерін де тоқтатқан. Бірақ, ешкім ішке түсуге бата алар емес. Барлығы құтқарушыларды күтіп тұрды. Үстімде жұмыс киімі болған соң жігіттерге «түссеңдерші, өлетін болды ғой» дейді», - деді Ержан.

Ешкімнің бата алмай тұрғанын көрген ол киімін шешіп бірден құдыққа түсіп кеткен. Артынан Семей, Аягөз қаласының тумасы Аманжол Жансейітов та секіріп түскен. Екі жігіт талып жатқан екі қызметкерді бірін өздері көтеріп, екіншісін белінен белбеу байлап алып шыққан.

Сыртқа шығарған соң құлаған адамдар есін жимастан жатқан. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер оттегі баллонын кигізіп, жедел алып кетті.

Ет қызуымен ештеңені байқамаған Ержан Әбдіразақов кейіннен өзінің де аздап газға уланғанын байқаған. Бірақ дәрігерге қаралмаған.

«Үйге қайтып бара жатқанда басым айналып жүрегім айныды. Тамағым ауырды. Сондай-ақ, киімдерім де былғанып қалғандықтан мен бірден үйге қайттым. Осы оқиғаны естіген бастығым да жұмыстан 1 күнге босатты», - деді Е.Әбдіразақов.

Ержан Әбдіразақов Халыққа қызмет көрсету орталығында 2019 жылдан бері 1414 операторы желісінің операторы болып жұмыс істейді. Үйленген, 3 баласы бар.

Оның айтуынша, құтқару қызметі оқиға орнына жедел жәрдем кеткен соң бірақ келген.

25 және 42 жастағы «Алматы су» кәсіпорнының қызметкерлері қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Кәсіпорын бұл оқиғаға байланысты түсінік берді.

«1 маусымда «Алматы су» кәсіпорнының өтім қызметінің қызметкерлері коммерциялық ұйымдардың су есептеу құралын тексермек болған. Қызметкерлер қателесіп судың емес, кәріз жүйесінің қақпағын ашып қараған. Соның кесірінен газ буымен уланған. Қазір кәсіпорында қызметтік тексеру жүріп жатыр. Негізінде «Алматы су» қызметкерлері есептеу құралдарының көрсеткішін тіркеумен ғана айналысуы тиіс. Құдықтарға түсу мүлде олардың міндетіне кірмейді», - деді «Алматы су» МКК.


Соңғы жаңалықтар