Алматыда «Хизбут-Тахрир» ұйымының идеологиясын насихаттады деп айыпталғандарға қатысты сот үкімі шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алмалы аудандық сотында «Хизбут-Тахрир» ұйымының діни экстремистік саясатын насихаттады деп айыпталған 5 жігітке қатысты сот үкімі шықты.

Судья Әшкеева Райхан сотталушыларды ҚР ҚК 164 бабының 2 бөлімімен, 170 бабының 1 бөлімі, 337-1 тармағының 1 бөлімі, 233-1 бабының 2 бөлімі бойынша айыпты деп тауып, Мұсақожанов Мұхитты 7 жыл 6 айға, Оспанов Ерболатты 6 жылға, Сәрсенбаев Асхатты 6 жылға, Дүйсенбай Оңласынды 6 жылға, Ботбаев Қуанышты 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. «Ұйымның Алматыдағы басты серкесі» Мұсақожанов Мұхит қосымша ҚР ҚК 164 бабының 1 бөлімі бойынша да айыпты деп танылды. Сотталғандар жазасын жалпы колониядағы режимде өткізетін болады. Айыптаушы тарап сотталушылардың айыбы толығымен дәлелденіп, әділ жазасын алды деп санайды. «2013 жылғы шілде айында «Хизбут-Тахрир әл Ислами» діни экстремистік партиясының белді мүшесі әрі Алматы өңіріндегі өкілдігінің басшысы «Минтаха Масул» Б.С.Әлкеевтің қылмысы әшкереленіп, ол сотталғанннан кейін аталмыш экстремистік партияның қызметін ұйымдастыру үшін партия мүшелерінің жасырын жиынында Мұхит Мұсақожанов «Минтаха Масул» лауазымына тағайындалған. Астана қалалық сотының 2005 жылдың наурызында заңды күшіне енген шешімімен экстремизмді жүзеге асыруға байланысты қызметіне қатаң тыйым салынған «Хизбут-Тахрир» діни-экстремистік партиясының қызметін ұйымдастыру мақсатында Мұсақожанов аталмыш партия мүшелерінің басын қосу және мүшелікке жаңа адамдар тарту арқылы құпия жиындар өткізіп, діни экстремистік, террористік, жалпы ұйымның деструктивті идеологиясын насихаттауды тікелей мақсат етіп қойған. Осы мақсатта өткізілген жиындар барысы мен нәтижелері ҚР ҰҚК Алматы бойынша департамент қызметкерлері тарапынан прокурор рұқсаты негізінде жүргізілген арнайы жедел іздестіру шаралары кезінде аудио-бейне таспаларға арнайы жазылып алынған», - деді Алмалы аудандық прокурорының көмекшісі Рахимов Жандос. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Қорғаушы Төлеген Берліқожаев сот үкіміне наразылығын білдіріп, апелляциялық шағым түсіретінін айтты. «Менің қорғауымдағы сотталушылар өзгелермен бірге ауызашарға барып, намаз туралы әңгіме айтқаны үшін кінәлі болып отыр. Айыптаушы тарап үгіт-насихат жүргізілгенін растайтын бір де бір куә келтірмеді. Олардың айыбы дәлелденген жоқ. Сондай-ақ Қазақстан заңнамасы өз еркімен адасқанын айтып, райынан қайтқан азаматтардың жазасын жеңілдетуге де рұқсат береді», - деді Төлеген Берліқожаев. Айта кетерлігі, сот отырысы барысында сотталушы Мұхит Мұсақожанов сот үкіміне ашық қарсылығын білдіріп, оқшаулау орнын өзінің басымен ұрғылай бастады. Бүліктің кесірінен сот үкімі 1 сағатқа кешіктіріліп оқылды.

Соңғы жаңалықтар