Алматыда Хазихан Бөкейхановтың 120 жылдығы аталып өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда профессор Хазихан Бөкейхановтың 120 жылдығына арналған конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қабырғасында өткен конференцияға Хазихан Бөкейхановтың шәкірттері, туыстары, сонымен қатар ЖОО студенттері қатысты.

«Ол бізге дәріс оқыды. Оның байсалды дауысы әлі есімде. Бір күні емтиханнан кейін мен оның кабинетіне кірдім, анатомияны үйреткені үшін алғысымды білдіріп, оның мұғалімінің немересі екенімді айттым. Содан кейін ол менің бағаларымды сұрады. Мен «сынақ кітапшамды» көрсеттім, онда «өте жақсы» деген бағалар болатын. Сонда ол: «Сен емтиханды орыс тілінде тапсырыпсың, қазақ тілін білесің бе?», - деп сұрады. Мен: «Иә!», - деп жауап бердім»,- деп еске алды Х.Бөкейхановтың шәкірті, доцент М.Көшекбаев.

Хазихан Бөкейханов – Қазақ мемлекеттік медицина институтының алғашқы профессорларының бірі. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, «Құрмет белгісі» орденінің, түрлі медальдардың иегері.

«Ол жоғары білімді мұғалім және білімді ғалым бола отырып, көптеген дәрігерлер мен академиялық оқытушыларды оқытып, тәрбиеледі», - деп қосты профессор.

Конференцияға жиналғандарға, Хазихан Бөкейхановтың өмірі туралы оның туысы Анастасия Мәмбеталина айтып берді.

«Хазихан Бөкейханов 1899 жылы 28 қазанда Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданының Шоңай ауылында дүниеге келді. Ол Әбілқайыр ханның тікелей ұрпағы»,- деді А.Мәмбеталина.

Хазихан Бөкейханов Анастасия Мәмбеталинаға жақсы дәрігер болу үшін анатомияны жақсы оқу керектігі туралы кеңес берген екен. Ол профессорды алғаш рет 1963 жылы Алматыға жұмысқа келгенде көрген.

«Мен оған келдім. Ағаштан салынған жеке үйі болды. Есікті ашып, бөлмеге беттегенімде алдымда ақ шашты, бойы аласа келген, бірақ өте әдемі кісі тұрды. Ол маған біраз қарап тұрып: «Әй, сен әкеңе ұқсайсың», - деді. Мен қатты қуандым. Мен өз әкемді өмірімде көрген емеспін. Содан кейін екеуіміз күні бойы әңгімелестік. Ол маған өзінің өмірі, туыстарым, ата-анам туралы бәрін айтып берді. Ол домбырамен әкем жақсы көретін бірнеше күйді орындап берді», - деді Анастасия Мәмбеталина.

Профессор Хазихан Бөкейхановтың әкесі Науша Бөкейханов музыкант, виртуозды домбырашы болған. Қазақ мемлекеттік филармониясында жұмыс істей жүріп, концерттік іс-шаралармен қатар, жас орындаушыларды оқытып, халық аспаптар оркестрін құрған.

Хазихан отбасында жалғыз ұл болған. Ол медицина саласын таңдаған. 1915 жылдың күзінде төрт жылдық қалалық мектепті бітірген. 1918 жылы Астрахандағы фельдшер-акушерлік мектепті тәмамдап , фельдшерлік пунктің меңгерушісі болды. 1925 жылдары Орданың Шоңай, Сайқын, Толыбай ауылдарында сүзек, тырысқақ, оба індеті бойынша экспедицияларға қатысты. 1930 жылы Астрахан медицина институтын бітірді. 1930 – 1934 жылдары Орал облысының Казталов ауданында емхана меңгеруші қызметін атқарды. 1934 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы медицина институтында, қалыпты анатомия кафедрасында аспирант, ассистент, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі (1962 жылдан) болып жұмыс істеді.

Бөкейханов бұғақ, безгек, жұқпалы тері ауруларын зерттеп, оларды емдеу мәселелерімен шұғылданды. 16-дан астам ғылыми еңбектері бар.

Соңғы жаңалықтар