Алматыда халықаралық «KIHE 2014» Денсаулық сақтау көрмесіне әлемнің 25 елінен 300-ден астам компания қатысуда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда 21-ші мәрте халықаралық «KIHE 2014» Денсаулық сақтау көрмесі өз жұмысын бастады. Мұнда 8000 шаршы метр аймаққа 400-ден астам сауда белгісінің өнімдері қойылған.

Халықаралық көрмеге әлемнің 25 елінен 300-ден астам өндіруші компаниялар мен отандық медициналық техника дистрибьюторлары қатысуда.

Отандық фирмалар медициналық техникамен қатар дәрі-дәрмектерді, залалсыздандыру құралдарын, стоматология мен ортодонтиядағы жаңалықтарды ұсынуда.

«Алматыда «KIHE 2014» көрмесі осымен 21 жыл өткізіліп жатыр. Жыл сайын оған қатысушылардың қатары көбеюде. Бұл көрме өндірушілер мен тұтынушыларды біріктіретін алаң болып отыр. Мұнда қазіргі заманғы медициналық озық технологиялар ұсынылып отыр. Дәрігерлер үшін білімін кеңейтіп, пікір алмасуға, жаңа инновациялық әдіс-тәсілдермен танысуға мүмкіндік береді», - деді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова.

Қатысушылардың бірі, отандық медициналық мекемелерге қажетті техниканы лизинг арқылы алып берумен айналысатын «Қазмедтех» АҚ өкілі Әйгерім Смаилова көрмеге қатысудағы басты мақсат жаңа инновациялық технологиялармен танысып, байланыс шегін кеңейту екендігін жеткізді.

«Біздің компания медициналық мекемелерге құны 5 млн. мен 50 млн. арасында болатын медициналық техниканы лизинг арқылы ұсынумен айналысады. Біздің лизингтік модель өзгелерден ерекшеленеді. Біз алдын ала төлемді талап етпейміз әрі оларға белгілі бір тауарды алуға мәжбүрлемейміз. Олар өздері қалаған техника болмаса жабдықты көрсетіп, коммерциялық ұсыныспен келеді. Олардың талабын қанағаттандырмас бұрын алдымен аталған техниканың қаншалықты қажет екендігін, техникалық параметрлер сәйкес келе ме, соны анықтайтын сарапшы жібереміз. Содан кейін барып компания лизинг арқылы 5 пайыздық мөлшерлемемен медициналық мекемелерді қажетті жабдықпен қамтамасыз етеді», - деді «Қазмедтех» АҚ өкілі Әйгерім Смаилова.

Соңғы жаңалықтар