Алматыда халықаралық «Болат Тұрлыханов Кубогі» өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда 25-26 мамыр күндері грек-рим күресінен дәстүрлі халықаралық «Болат Тұрлыханов Кубогі» өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, аталған турнирдің алғаш рет 1994 жылы жалауы желбіреген болатын. Биыл міне, жиырма бесінші рет өткелі отыр.

Бүкіләлемдік күрес кеңесінің (UWW) күнтізбесіне енгізілген «Болат Тұрлыханов Кубогі» тек олимпиадалық алты салмақта (59, 67, 77, 87, 97 және 130 келі) өтеді.

Биылғы дүбірлі додаға еліміздің үздік балуандарымен қоса грек-рим күресінде әлемде көшбасшы елдер саналатын Ресей, Иран, Корея, Армения, Беларусь, Қырғыстан, Өзбекстан және тағыда өзге елдердің күрес шеберлері қатысады.

Бүкіләлемдік күрес кеңесінің (UWW) ресми сайтының хабарлауынша, турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медальдар мен дипломдардан бөлек, арнайы қаржылай сыйақы беріледі.

Айта кетейік, Болат Тұрлыханов - Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Семей өңірінде дүниеге келіп, 1956 жылы Қазақ дене шынықтыру институтын тәмамдаған. Саналы ғұмырында талай сақа балуандарды баптап, қазақ палуандарының жеңіске деген жігерін жаныған, алдыға биік мақсат қоя біліп, асқақ арманға жетулеріне зор үлес қосқан тұлға.

Соңғы жаңалықтар