Алматыда Hackday бірегей идеялар фестивалі басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Hackday креативті идеялар фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Hackday - жас мамандар өз идеяларын жасампаз әрі бейресми ортада жарамды стартаптарға айналдыратын ТМД-дағы ең ірі фестиваль.

«Қатысушылардың көптігі қуантады. Біз қызықты идеялар мен жобаларды ұсынатын жастарды үнемі қолдауға тырысамыз. Қазір цифрлық технологиялардың заманы. Сондықтан барлығы да өз идеяларын іске асырып, жеңіске жеткенін қалаймын», - дейді Алматы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев.

Фестивальды «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті ҚР Білім және ғылым министрлігімен және Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе өткізуде.

Hackday-ға қатысуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ІТ саладағы тәжірибелі мамандар, студенттер, мектеп оқушылары жиналды. Олар бір күн ішінде бірегей жобаны әзірлеп, оны 3 минуттың ішінде қазылар алқасына түсіндіріп шығуы тиіс.

Жұмыстар: «Кино және видео», «Контент және медиа», «Ақпараттық технологиялар», «Мобильдік технологиялар», «Дизайн және анимация» бағыттары бойынша бағаланады. Жобаларды мобильдік қосымша немесе видеоролик түрінде, не болмаса жаңа технологиялардың әзірлемесі түрінде ұсынуға болады.

Биылғы фестивальда жас ерекшеліктері бойынша шектеу жоқ. Атап айтқанда, ең жасы үлкен қатысушы алпыстан асқан болса, ең кіші жасампаз - 11 жаста. Әмина Батуева 13 жасар ағасымен бірге белгісіз әлемдегі кішкентай қыз туралы шағын фильм түсірмек.

«Біз «Қаракөз» атты қазақстандық фильмнен шабыттанып, соған ұқсас дүние жасағымыз келді. Басты рөлде мен боламын. Кейіпкерім белгісіз аурумен ауырады, оған не болғанын ғалымдар зерттеп біле алмайды. Сосын, оның аяғын параллель әлемнен келген әлдебір жәндік шағып алады. Бұл әрі мистикалық, әрі фэнтези болады. Қазылар алқасы фильмге лайықты бағасын береді деп үміттенеміз», - дейді 11 жастағы Әмина.

Айта кетейік, HackDay форматын өз қызметкерлерінің шығармашылық идеяларын іске асыру үшін 2005 жылы Yahoo! компаниясы ойлап тапқан болатын. Фестиваль Қазақстанда 2011 жылдан бері өтіп келеді. Жыл сайын оған 3 мыңнан астам жас дарын қатысады.

Соңғы жаңалықтар