Алматыда гүлдер қабырға бойлап өсетін болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда гүлдер қабырға бойлап өсетін болды. Көгалдандырудың жаңа үлгісі жайлы бүгінгі пресс-тур барысында «Жасұлан Флора» компаниясының өкілі Аяулым Қарсақбаева айтып берді.

«Аталған конструкциялардың бірегейлігі - олардың биіктігінде. Гүлдер 4 -15 метр биіктікке дейін отырғызылған. Ең жоғарғы констуркция Талғар тас жолында салынып жатыр. Негізінен біз ол үшін климаттық жағдай мен жоғары температураға бейім петунья гүлдерін таңдап алдық. Олар күтімді қажет етпейді. Суару автоматты түрде жүргізілетін болады», - деді Аяулым Қарсақбаева.

Биыл Бостандық, Медеу, Алмалы аудандарында осындай 13 конструкция орнатылды. Олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Олардың ішінде Универсиада, ЭКСПО-2017, «Қазақстан-2050» тақырыбына арналған гүлзарлар бар.

Маманның айтуынша, әр констуркцияның бағасы дизайнның күрделілігіне байланысты 5 млн. теңгеден жоғары бағаланады. Оның ішінде 4-еуі қысқы демонтажды талап етпейді.

«Гүлзарлар Оңтүстік Корея мен Жапонияның үлгісімен жасалса, гүлдер Тараз қаласындағы жылыжайларда өсірілді», - деді ол.

Алматының келбетін жаңартуға бағытталған көгалдандырудың жаңа үлгісіне 320 млн. теңге бөлінбек. Оның ішінде 240 млн. теңге - гүлзарды орнатуға, 80 млн. теңге олардың күтіміне бөлінеді.

Жалпы қаланы гүлмен безендіруге 1 млрд. 140 млн. теңге жұмсалады. Бұл туралы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Оразалин айтты.

«Алматы ел бюджетінің ең үлкен доноры болып табылады. Қаланың жылдық бюджеті 300 млрд. теңге. Сондықтан, мұндай шығындарды қала қиындықсыз көтере алады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар