Алматыда грэпплингтен Азия және Океания чемпионаты басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Arlan Grip Selection халықаралық турнирі аясында әуесқойлар мен тәжірибелі спортшылар арасында грэпплингтен Азия және Океания чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл туралы Алматы ақпарат орталығына сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлайды.  

Азия және Океания чемпионаты осымен Алматыда екінші рет өтіп жатыр. Алғашқы рет жарыс 2016 жылы ұйымдастырылған. Оған әлемнің үздік спортшылары қатысқан болатын.  

Бүгін, жарыстың бірінші күнінде Қазақстан, Австралия, Малайзия, Жапония, Қырғызстан мемлекеттерінен келген 50-ден астам ересек тәжірибелі грэпплерлер күш сынасты. Сайыстар 5 салмақ дәрежесі бойынша өткізілді.  

Чемпионаттың ашылу салтанатында Халықаралық әуесқой грэпплинг қауымдастығының президенті Арлан Шабдарбаев пен арнайы келген қонақ, әлем спортының аңызы Хиган Мачадо сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.  

Қазақстан намысын бұл жарыста тек алматылық спортшылар емес, өзге өңірлерден келген грэпплерлер де қорғады.  Жарыс қорытындысы бойынша, 4 салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшылар жеңімпаз атанды. Олар - Нариман Мыңбаев (65,9 кг), Омар Маннаров (76.9 кг), Рамазан Құсайынов (98,9 кг) және Мансұр Макмаханов (+99 кг). Ал, 87,9 келі салмақ дәрежесінде бірінші орынды аустралиялық Бенжамин Ходкинсон ұтып алды.  

- Бұл чемпионатқа тыңғылықты дайындалдым. Барлығы сәтті өтті. Алған жарақатыма қарамастан, бірінші орынды жеңіп алдым. Қарсыластарым осал спортшылар емес. Енді осы бесеуіміздің біреуіне алдағы уақытта әлем чемпионатына шақырту келу керек. Күтеміз, - деді жеңімпаздардың бірі Омар Маннаров.  

Айта кетер жайт, бүгінгі чемпионаттың жеңімпаздары 2019 жылы АҚШ-та өтетін әлем чемпонатына жолдама алады, сонымен қатар, олар ақшалай сыйлықтарға ие болды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы Arlan Grip медалін иеленді. Бұл жарыс екі күн бойы ABB Arena-да жалғасады. Ертең, 18-ден асқан ересектер мен әйелдер AIGA (әуесқойлар) бойынша сынға түседі.  

Еске сала кетейік, грэпплингтен әлем чемпионаты екі жылда бір рет өткізіледі.  

Соңғы жаңалықтар