Алматыда Гиннес рекордын орнататын құрақ көрпе қалай тігіліп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Наурызда бастау алған атақты құрақ көрпені тігу процесі қызу жүріп жатыр. Алматылық шеберлер қала күніне дейін португал көрпесін басып озуға барын салып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Аптаның әр сенбісі мен жексенбісі қаладағы Арбат алаңы үлкен шеберханаға, нағыз рухани жаңғыру алаңына  айналады.

Мұнда рекордтық Құрақ көрпені тігуге қалалық кітапханалар желісінің қызметкерлері ғана емес, әр қала тұрғыны, зейнеттегі апалар келіп көмектесіп жатыр.

nullҚазақ халқының көне қолөнер мұрасын қызықтап, келіп, бір бөлшегін болсын құрап беріп жатқан тұрғындардың саны өте көп.

Рекордты көрпені тігуге Алматы қалалық кітапханасының шеберлері жұмылдырылған.

22 наурызда алғашқы құрағы тігілген ені 2,5 метр, ұзынды 4 шақырым болатын құрақ көрпенің бүгінде ою-өрнекті көздері біртіндеп құралып келеді. Ісмерлер 1 ай ішінде 975 метр құрақ дайындады.

nullОлар сенбі-жексенбі күнінен бөлек жұмыс уақытында да әр кітапханада қызу жұмыс істеуде.

20 жастағы қыздардан бастап 60-ты еңсеріп қалған әжелер бесжұлдыз, қияқ, шаршы, қияқгүл, раушан гүл, қошқар мүйіз, шахмат формасында түрлі құрақ құрап жатыр.

Әркім өз ойындағы қиялын қағаз бетіне түсіріп, шығармашылық  эскизбен жасауда.

nullКейін бұл құрақтардың барлығы ортақ концепциямын бірігетін болады.

«Мен өзім зейнеттегі кісімін. Балаларым өсіп өз алдына шаңырақ құрып кетті. Менталды университетте қызмет жасаймын. Жұмыстан, немерелерімнен бос уақытымда осында келіп көрпе құраймын. Қазіргі жастар ине ұстамайды, түйме қадауды білмейді. Осының барлығын жастарға үлгі ретінде көрсетіп жатырмын. Қала күніне үлесімді қосайын деп келіп отырмын. Қазақ салты үшін көрпе құрау өнерінің маңызы зор. Қыз тұрмысқа шыққанда да 9-ы (жасау) бар ма екен деп сұрайтындар болады. Құрақ көрпенің де өз жөн-жоралғысы болады. Қызға 9-11 көрпе береді. Оның төрге төсейтін көрпесі бар, жамылатын көрпесі бар. Ұлға 5 көрпе береді. Ол енші деп айтылады. Одан бөлек қонақ көрпе, құдағи көрпе, жас жұбайларға арналған  аққу махаббат көрпелері болады», - деді С.Бегалин атындағы балалар кітапханасына ерікті ретінде тіркелген Гүлсім Бұлантаева.

null«Түрлі ою ойып, көрпе тігу  татар халқының дәстүрінде де бар. Қазір біздің тұрмысымызда қанша мата  артылып жатыр. Оның бәрін қоқысқа тастап жатырмыз. Одан да осындай мақсатта пайдаланса, үйімізге қажет жиһаз болады», - деді татар ұлтының өкілі, алматылық Фарида Габдулова.

Тігін тігуге келген келіншектердің арасында кітапхана қызметкерлерінен бөлек қала тұрғындары, еріктілер де бар.

null«Көрпе құрау - көп адамның хоббиі. Ол адамды стресстен, ойдан арылтады. Адам тігіп отырып ойға ой қосады. Қиялы қағаз бетіне түседі. Көпшілік құрақ тіккеннен ләззат алады. Тіпті көрпе құрауды бизнеске айналдырғандар да бар. Қаланың болсын, ауылдың болсын тұрғындарынан көрпеге сұраныс өте жоғары. Біздің акция басталғалы кітапханаларға оқырмандарымыз түрлі маталар, жіптерін әкеп беріп жатыр», - деді №33 кітапхананың меңгерушісі Исабекова Қуаныш.

Шеберлер Арбатта үлгере алмай қалған жұмыстарын үйді-үйлеріне алып кетіп, үйірмедегі шеберханаларда тігін машинасымен жалғастырып жатыр.

null«Құрақ көрпе деген құралған деген мағынаны білдіреді. Бұл яғни, ата-бабамыздың салт-дәстүрінде жастардың басы құралсын, көбейсін деген тілектен туады. Мына қараңыз, орысымыз, қазағымыз бәріміз жабылып құрап жатқан көрпеміз - республикамыздағы барша ұлт өкілдерінің басы құралсын, біріксін деген тамаша идяны білдірсе керек», - деді С.Бегалин атындағы балалар кітапханасының әдіскері Рәзия Тәжиева. 

Қала тұрғындары мен ісмерлерінің, қонақтарының қолы тиген, ізі қалған құрақ көрпені 22 қыркүйек қала күнінде Гиннес рекордтар кітабының өкілі келіп, өлшейтін болады. 

4 шақырымдық көрпе бірнеше бөліктерге бөлініп, қаладағы кеңселерге сыйға тартылып, музейлерге экспонат ретінде қойылады.

nullАйта кету керек, бұған дейінгі ұзын көрпе рекорды  2000 жылы Португалияның Порто қаласында жасалған. Онда  ұзындығы 25100 шаршы метр «Manta da Cultura» көрпесі тігілген.

«Құрақ көрпенің әр бөлшегі Отанымыздың сан алуандығын:  оның даласын, тауы мен өзенін көрсетеді,  ал басты символ - халықтың бірлігі. Қазақстанда 130-дан астам  ұлт тұрады.  Көрпенің құрақтары тұтас жамылғыға айналып, еліміздің тұтастығын паш етеді», -  деді жобаның басты ұйымдастырушысы Алматы қаласы Мәдениет және мұрағаттар басқармасы.

 

Соңғы жаңалықтар