Алматыда гепатологиялық орталық ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бірегей гепатологиялық орталық ашылды.

Қалалық №5 емхананың қасынан ашылған жаңа орталық ертеңнен бастап бауыр дертіне шалдыққан науқастарды қабылдай бастайды. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады. Жаңа нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті құралмен жабдықтау үшін қалалық әкімдік 50,4 млн. теңге жұмсады. Мамандардың айтуынша, осы орталықты ашуға қала тұрғындарының арасында бауыр ауруына шалдыққандардың санының артуы себеп болып отыр. 2011 жылы емханаларда В және С гепатитімен ауыратын 1184 науқас диспансерлік есепте тұрған. 2012 жылы жүргізілген скринингтік тексеру нәтижесінде тағы да 3056 адам есепке алынды. Орталықта емдеу және диагностика шаралары тегін, емханалардан берілген жолдама арқылы жүзеге асатын болады. Мұнда инфекционист-дәрігер, гастроэнтеролог-дәрігер, эндокринолог-дәрігер, неропатолог-дәрігер, кардиолог-дәрігер, хирург-дәрігер, эндоскопист-дәрігер, психолог-дәрігер, медбике қызмет көрсететін болады. «Қазақстанда жылына 30-50 мың адам вирусты гепатитке шалдығуда. Әсіресе, В және С гепатитімен ауыратын науқастардың саны артуда. ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қаулысына сәйкес, вирусты гепатит ауруы айналадағы адамдарға қауіп туғызатын әлеуметтік тұрғыдан маңызды аурулар қатарына жатқызылды. Негізінен орталықтың ашылуы қаламыздағы асқынған гепатит ауруынан болатын өлім-жітімді азайту, мүгедектікті төмендету, олардың өмірін ұзарту мен өмір сүру сапасын арттыру, стационарлық емдеуге қажеттілікті азайту болып табылады. Көптеген мемлекеттік және жекеменшік орталықтар гепатологияның бір ғана бөлігі бойынша - вирусты гепатитті анықтау және емдеумен ғана айналысады. Ал, вирустық емес бауыр аурулары назардан тыс қалып жатады», - деді қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанат Қасымжанова.

Соңғы жаңалықтар