Алматыда газбен жүретін автобустарды тестілеу басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы көшелерінде «Iveco» маркалы газбен жүретін жаңа автобустар тестілеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кондиционермен, пандуспен, бейнекамералармен қамтылған ұзындығы 12 метрлік атвобустар бір мезетте 100 жолаушы тасымалдай алады.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исаховтың айтуынша, жаңа автобустар 3 ай бойы №12 маршрутта қызмет ететін болады.

Аталған маршрут Қазқстан қонақ үйінен Медеу тау шаңғысы курортына дейінгі қашықтықта жүреді.

«Бұл марканың автобустары әлем нарығында өзінің тиімділігін көрсетті. Дегенмен біз оны Алматы жағдайында тексеріп көреміз. Сондықтан жүктемені анықтау үшін осы бағыт таңдап алынды. Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша қалада көлік реформасы аясында газбен жүретін  автобустарға қатысты қажетті инфрақұрылым жасалып жатыр. Алатау ауданында 200 автобусқа  арналған автопарк  құрылысы жолға қойылған. Сондықтан өндірушілер тарапынан инвестициялық қызығушылық бар. Бағасына, сапасына  қатысты барлық мәліметтер жиналған соң  тасымалдаушылар  осы автобустарды алатын болады», - деді  ол.

«CNH Industrial»  өңірлік менеджері Роберто Бонзо  автобустың Алматыға Еуропадан әкелінгенін және барлық жоғары сапалы стандарттарға сай екенін айтты.

«Егер Алматы  тасымалдаушылары тарапынан сұраныс болса, Қостанай қаласындағы зауытта жасалып, құрастырылатын отандық  автобустарды ұсынамыз», - деді «СарыаркаАвтоПром»  ЖШС-тің  басқарушы директоры Орудж Назаров.

Еске салсақ, №12 бағытында газбен жүретін «Mercedes-Benz» маркалы автобустар да тестілеуден өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар