Алматыда газ бөлу стансалары жаңа технологиямен жабдықталатын болды

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Самұрық Қазына Инвест» компаниясы қаладағы 4 газ тарату стансасын жалпы қуаты 11,5 МВт болатын детандергенераторлық агрегаттармен қамту арқылы электр энергиясын өндіруді арттыру жобасын таныстырды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала әкімі Ахметжан Есімов Алматы қаласы жылына 1,6 млн. МВт/сағ электр энергиясын тұтынатындығын атап өтті.

«Алматы қаласын жыл бойы электр энергиясымен қамту үшін «АлЭс» ЖШС жылына 932 МВт, Жамбыл су электр стансасы - 200 МВт, Мойнақ су электр стансасы - 246 МВт, Екібастұз СЭС-і 232 МВт көлемде энергия өндіру керек. Электр энергиясына деген сұраныс артқан кезде, оны 64 МВт көлемде Қырғызстаннан аламыз», - деді А.Есімов.

Сондай-ақ,әкім балама электр энергиясына тариф 1 КВт-қа 8,8 теңгеден аспауы керектігін ескертті.

Аталған жобаны жасаушылар оның газ бөлетін станцияларды детандергенераторлы агрегаттармен қамтамасыз етіп, табиғи газдың қысымын төмендету арқылы электроэнергиясын өндіруге болатындығын айтты.

Жобаға сәйкес мұндай технологиямен «Орбита» газ тарату стансасы жабдықталатын болды. Жоба құны 549 млн. теңге, құрылыс 1 жыл 3 айға созылмақ.

Кездесу барысында Алматы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына Инвесттің» алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеу мәселесі де сөз болды.

Соңғы жаңалықтар