Алматыда газ арзандады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жылу, электр қуаты, су және кәріз жүйесінің тарифтері жыл соңына дейін өзгермейді, ал газ құны 4 пайызға төмендейді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясында өткен саяси кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қала тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі - коммуналдық қызметтерге тариф тағайындау билік партиясының бақылауында екенін айтты.

Бүгінде 1,5 млн-ға жуық алматылық жергілікті бюджет есебінен коммуналдық қызметтерді бұрынғы бағада тұтынуда. Коммуналдық төлемдері жалпы табысының 10%-нан асатын тұрғындарға көмек ретінде қаражат бөлінді.

«Мемлекет басшысы тарифты негізсіз жоғарылатуға жол бермеуді тапсырды. Бұл адамдардың тіршілігіне, кәсіпкерлерге, бағаларға, тікелей әсер етеді. Осы мақсатта қалалық прокуратура монополистер арасында ауқымды тексеру жүргізді. Нәтижесінде бағаны себепсіз көтеру фактілері анықталды. Дереу шара қолданылып, 1,5 млн- ға жуық азаматтардың құқықтары қорғалды. Монополистерге тұтынушыларға 4,7 млрд теңгеге жуық өтемақы төлеу міндеті жүктелді. Коммуналдық қызмет құнын арттыруға ешқандай да негіз жоқ. Біздің алматылықтар артық төлем жасамас үшін кез келген заңсыз әрекеттер тоқтатылады. Президенттің тапсырмасы бар және ол орындалады», - деді Бауыржан Байбек.

Тариф жайын баяндау барысында Алматы прокуроры Берік Жүйріктаев қаланың басты қадағалаушы органдары жүргізген тексеру барысында бірқатар монополиялық субъектілердің шығындарды негізсіз өсіргені және инвестициялық бағдарламаларды орындамау жайттары анықталғанын айтты.

«Біз «Алматыэнергосбытта» электр қуатын реттеу қызметіне тарифтік сметада жарияланған соманың 70%, ал амортизациялық аударымдар бойынша 30% ғана жұмсалғанын дәлелдедік. Энергосбыт өз кінәсін мойындап, жауапкершілікке тартылды. «Алатау Жарық Компаниясы» төтенше реттеу шараларын енгізу есебінен электр қуатын беру тарифын көтерді. Кейінірек анықталғандай, олар бұл шараны төтенше жағдай санатына жатпайтын кішігірім авариялар мен ағымдағы жөндеу керектігімен негіздеген. Біздің талаптарға сәйкес, уәкілетті орган өз шешімінің күшін жойды. Қабылданған шаралар арқасында 2,17 млрд теңге шығындарды өтеу үшін өтемақы тарифтері енгізілді. 2,83 млрд теңгеге болашақ шығынның алдын алдық. Ағымдағы тариф 5,6%-ға төмендеді», - деді Берік Жүйріктаев.

Қала прокурорының ақпараты бойынша, бұған қоса "ҚазТрансГаз Аймақ" тексерістен өткен. Мұнда инвестициялық бағдарламаның кейбір жұмыстары атқарылмағаны белгілі болды. Прокурорлық шаралардың арқасында 425 млн теңге өтемақылық тариф енгізілді.

Соңғы жаңалықтар