Алматыда ғарыштық технологиялар бойынша халықаралық байқаудың финалы өтеді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және адамның ғарышқа алғаш ұшқанына 60 жыл толуына орай «KazakhstanSmartSpace» ғарыштық техника және технологиялар бойынша халықаралық байқаудың финалы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектеп, колледж оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы байқау өткен жылдың 16 желтоқсанында басталды.

Шара Қазақстандағы балалар жылы аясында өткізілуде. Финалдық тур 8-10 сәуір аралығында Ғ. Дәукеев атындағы Алматы Энергетика және байланыс университетінде өтеді.

«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Марат Нұрғожинің айтуынша, байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Украинаның 50-ден астам оқу орны, соның ішінде ҚР жетекші техникалық және көпсалалы жоғары оқу орындары қатысуға ниет білдірген.

15 наурызға дейін халықаралық сарапшылық кеңес байқаудың финалдық кезеңіне өткен қатысушыларды анықтап, 16-20 наурыз аралығында финалдық турға іріктеу жүргізеді.

«Біздің салаға жаңашылдық қажет. Жастар бізге жаңа идеяларды, жаңа шешімдерді, жаңалықтарды ұсына алады. Қазір ғарыш саласы 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын дайындап жатыр. Барлық жаңа технология мен идеялар осы тұжырымдамада көрініс табады. Біз нақты практикалық мақсаттарды көздеп отырмыз», - деді Марат Нұрғожин брифинг барысында.

Байқаудың мақсаты - Қазақстан Республикасының және басқа елдердің оқу орындарының студенттері арасында ғарыштық техника және технологиялар саласындағы ғылыми-техникалық шығармашылықты танымал ету. Халықаралық олимпиадалар мен байқауларға қатысу үшін ең үздік жоба бойынша командаларды таңдау және Қазақстан Республикасында және шетелдегі мектеп, колледж оқушыларының және студенттердің деңгейлес коммуникацияларын қалыптастыру, дамыту.

Байқауға қатысушыларға сертификаттар, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталады. Олар сондай-ақ ірі халықаралық жарыстарға, аэроғарыш саласындағы жоғары технологиялық компанияларға экскурсияларға қатысуға мүмкіндік алады.

Конкурсқа 7 мен 22 жас аралығындағы ҚР және әлемнің басқа елдерінің қосымша білім беру жүйелерінің мектептері мен үйірмелерінің оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері өздерінің оқытушылары мен тәлімгерлерінен тұратын командалар құрамында қатыса алады. Жобалық командалардың жаттықтырушылары (коуч) / тәлімгерлері /жетекшілері / тьюторлары ретінде әрекет ететін мемлекеттік және бизнес-құрылымдардың ғалымдары мен инженерлерінің жобалық командалар құрамында қатысуы құпталады.

Байқау номинацияларының тақырыптары:

- Халықаралық ғарыш станциясындағы ғылыми эксперименттер және зерттеулер;

- Өнеркәсіптің негізгі салалары мен қызмет көрсету салаларына (тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ, металлургия, электр энергетикасы, телекоммуникациялар, автомобиль, теміржол және әуе көлігі, ауыл шаруашылығы, қаржы, туризм және т.б.), «жасыл» экономикаға, көміртегі ізін азайту және энергетиканы декарбонизациялау үшін арналған ғарыштық техника және технологиялардың қолданбалы шешімдері;

- Ғарыш техникасы, зерттеулер мен эксперименттерге арналған электроника және радиоэлектроника, роботтехникалық және зияткерлік жүйелер;

- Ғарыш техникасын, шағын ғарыш аппараттары (ШҒА) және тасымалдағыш зымырандарды модельдеу және құрастыру;

- Ғарыштық байланысқа, навигацияға және ЖҚЗ-ға (Жерді қашықтықтан зондтауға) арналған ақпараттық технологиялар;

- Аэроғарыш өнеркәсібі кәсіпорындары мен ғарыш аппараттарын басқаруға арналған онтологиялық модельдеу және мультиагентті технологиялар;

- Қазақстанның аэроғарыш саласының қолданыстағы және жаңа кәсіпорындарының тиімділігі мен кірістілігін арттыру үшін ӨЕШТ (Өнертапқыштық есептерді шешу теориясы) әдіснамасы мен құралдарын қолданатын жобалар, Байқоңыр ғарыш айлағының индустриялық-инновациялық және туристік әлеуетін дамытуды қоса алғанда;

- Ғарыш техникасындағы 3D басып шығарудың аддитивті технологиялары;

- Ғарыш аппараттарын және ғарыш саласындағы кәсіпорындарды басқаруға арналған жасанды интеллект және эмердженттік (топтама) интеллект;

- Ғарыш саласындағы үлестірілген тізілімнің IT-технологиялары және блокчейн;

- Астрономия / Астрофизика / Metaverse (Мета-ғалам) / VR (Virtual Reality -виртуалды шындық) / AR (augmentedreality - толықтырылған шындық) жобалары;

- Ғарышты игеру саласындағы түрлі елдер оқу орындарының халықаралық ынтымақтастығы бойынша PR-бейне-роликтер.

Байқауды ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркісібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ, «EurasianSpaceVentures» ЖШС және «Қазақстандық жобаларды басқару институты» ҚҚ ұйымдастырып отыр.


Соңғы жаңалықтар