Алматыда фристайлдан өтетін Әлем кубогының финалына әлемнің 14 елінен спортшылар қатысады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 17-19 наурыз күндері «Шымбұлақ» тау шаңғы курортында могул және шаңғы акробатикасы бойынша фристайлдан FIS Әлем кубогының финалдық кезеңінің сайыстары өтеді.

Ұйымдастырушылар жарыс алдында дайындықтың қалай өткені және қазақстандық спортшылардан қандай нәтиже күтетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз мәслихаты барысында «Шымбұлақ» тау курортының бас директоры Ринат Абдрахманов спортшылар үшін биыл тосынсый дайындалғанын, атап айтқанда, могулға арналған жаңа жолдың салынғанын айтып берді.

«Бұл трасса құрғақ сайда салынды. Біздің FIS-тегі әріптестеріміз жолды толық тексеріп, оны халықаралық стандарттар бойынша сәйкестік сертификатымен растады. Біз жолды өзгерттік, себебі, жаяу туристерге мұндағы дүниелердің барлығының қолжетімді болғаны маңызды. Яғни, бұл ретте қазірдің өзінде дайын инфрақұрылым бар, ол жерден жаяу туристер жарысты тамашалай алады. Шаңғы акробатикасын айтар болсақ, оның орны өзгерген жоқ. Сол жерден көрермендер финалдық ойындарды тамашалай алады», - деді спикер.

Ол Әлем кубогының кезеңдеріне дайындық жұмыстары жазда басталғанын айтты.

«Могулдың жаңа трассасы үшін қарлы жолды біз екі шақырымға жуық қашықтыққа ұзарттық. Жаңа жолды дайындау үшін қосымша қар генераторлары мен арнайы ратрак сатып алынды. Жалпы, бізде спорттың осы түрі бойынша балалар мен жасөспірімдер бағытын дамыту жоспарымыз бар. Байқасаңыздар, «Профессор» жолының жанында біздің фристайлдан мектебіміз ашылған. Биылдан бастап халықаралық жарыстар үшін салынған барлық инфрақұрылымды жас спортшыларымыз пайдалансын деген оймен балаларды жинай бастадық. «Шымбұлақ» курортында спорттың бұл түрін дамытуға болады», - деді Ринат Абдрахманов.

Оның айтуынша, Әлем кубогының финалында үш тәртіп бойынша хрусталь глобустар ойнатылады. Сондай-ақ, жарысқа 14 елден 80 спортшы келді.

Ұлттық шаңғы қауымдастығының Бас хатшысы Асқар Валиев бұл жарыстар FIS күнтізбесіне өткен жылы енгізілгенін айтты.

«Жарыстар наурыз айына белгіленді. «Шымбұлақтың» биіктігі наурыз айының соңына дейін шаңғы жарыстарын өткізуге мүмкіндік береді. Биыл Еуропада қардың жеткіліксіз болуынан ол жақта ойын кезеңдері өтпеді. Мұнда «Шымбұлақтың» орналасуы, оның биіктігі, судың қолжетімділігі, басқа да себептерге байланысты бәрі ойдағыдай жақсы жүріп жатыр», - деді ол.

Асқар Валиев жаңа жолда кеше могул бойынша алғашқы ресми жаттығу өткенін айтты.

Оның айтуынша, жаңа жол могулшы Юлия Галышеваның құрметіне Yuka G деп аталды.

«Біз жаттықтырушылардың пікірі мен бағасын тыңдау үшін кешке олардың бәрін жинадық. Барлығы риза. Бұл жер керемет. Менің ойымша, бұл әлемдегі ең керемет могул жолы болуы мүмкін. FIS-пен жұмыс істеген кезде, біз Әлем кубогының ең жақсы ұйымдастырушысы болуға тырысамыз және бұл мақсатқа өте жақынбыз. Қазірдің өзінде көптеген өлшем бойынша біз бұған жақындадық», - деді ол.

Спикер бұл жолғы жарыста 80 үздік спортшы хрусталь глобустар мен ұпай жинау үшін таласатынын атап өтті. Олардың арасында қазақстандықтар да бар.

«Қазақстандық спортшылардың мүмкіндігі көп. Біз медаль алу үшін күресеміз. Фристайл әлемінде Қазақстан могул және шаңғы акробатикасы тәртібінде өте күшті позицияға ие. Могул бойынша Канада, АҚШ, Жапония, Швейцария, Франция көш бастаған елдер. Қазақстан олармен медаль үшін бәсекеге түсе алады, оны біз Грузияда өткен әлем чемпионатында байқадық. Жарысқа біздің елден жеті спортшы қатысады. Олар могулда Павел Колмаков, Антон Бондарев және Аяулым Амренова, акробатикада Жанбота Алдабергенова, Аяна Жолдас, Роман Иванов және Шерзод Хаширбаев. Бізде жақсы секіре алатын және жолда жақсы жүретін жастар өсіп келеді. Сондықтан Қазақстанда фристайл даму үстінде деп айта аламыз, себебі, біз жарысты «Шымбұлақта» өткіземіз», - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін фристайлдан Әлем кубогының финалдық кезеңі «Шымбұлақта» өтетінін жазғанбыз.


Соңғы жаңалықтар