Алматыда франциялық фотограф ерекше балаларға сурет түсіруді үйретті

None
None
АЛМАТЫ.ҚазАқпарат - Алматыда Франция фотосуретшісі Эрик Ваззолердің шеберлік сабағы өтті. Шебер Даун синдромымен ауыратын балаларды фото өнеріне баулыды. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының баспасөзі қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әйгілі шеберден дәріс алуға «Кеңес» оңалту орталығының 10 тәрбиеленушісі мүмкіндік алды. Шараға ұйытқы болып отырған ҚР Тұңғыш Президенті қоры әрбір балаға фотоаппарат сыйға тартты.

«Менде ерекше балаларды оқытатын арнайы әдіс-тәсіл жоқ. Өзімнің 30 жылдық шығармашылығымда Франция, Германия, Польша елдерінің жастарымен тәжірибеммен бөлістім. Былтыр Қордың қолдауымен Қарағанды мен Алматыдағы көзі нашар көретін және көрмейтін балаларға арнап шеберлік сабағын өткіздім», - деді Эрик Ваззоллер.

Фотосуретші әрбір сабағын ерекше әрі белсенді түрде өткізуге тырысады. Мұнда балалар тек сынып ішінде ғана емес, сондай-ақ далаға шығып, саябақта серуендеу арқылы әдемі кадрларды түсіреді. Шеберлік сабағы аяқталған соң қатысушыларға «Қазақстанның көзтартар аймақтарына саяхат» кітабы таратылды. Енді аз уақыттан соң жас фотосуретшілер өз көрмелерін өткізетін болады.

Әлеуметтік маңызы бар шара Тұңғыш Президент қоры, Қазақстандағы Франция елшілігі және Француз альянсының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Шара барысында Алматыдағы Француз альянсының директоры Лор дю Тейе мен ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров кездесті.

«Балаларға Эрик Ваззоллердің сабағы ұнады, олар бар ынтасымен үйренуде. Бұлар өте елгезек, жаңа білімге құштар балалар. Бұл жобаның негізгі мақсаты - балаларды фото өнерге баулу. Олардың күнделікті өмір тіршілігін фотосурет арқылы жеткізулеріне мүмкіндік жасау. Осының арқасында олардың коммуникативтік дағдылары оянып, қоршаған ортаға оңай бейімделе алады», - деді Сергей Тохтаров.

Соңғы жаңалықтар