Алматыда Фариза Оңғарсынованың атына көше берілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Алматыда халық жазушысы, ақын Фариза Оңғарсынованың құрметіне көше атауы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда Алатау ауданына қарасты Алғабас ықшамауданындағы бұрынғы Ақсай көшесіне Фариза Оңғарсынованың есімі берілді.

«Атырауда аспанмен таласқан үлкен ескерткіш қойылды. Елордамызда Нұр-Сұлтан қаласында көшесі ашылды. Дәл сол секілді мерейлі белесіне орай Алматы қаласында да дәл сондай шараның бір куәсі болып отырмыз. Фариза апамызға көше берілер кезде бұл барлық деңгейлерде елдің бірауыздан мойындағандығын көрсетті», - деді Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахетов.

Көшенің салтанатты ашылу рәсімінде халық жазушысының көзін көрген әріптестері естеліктер айтты.

«Фариза апай осы жерде қазақтың рухының өсуіне, қазақтың қазақ болуына, қазақтың қыздарының ешкімнен кем болмауына бір адамдай еңбек сіңірген. Сол өзінің керемет отты өлеңдерімен осы Алматыдағы қазақтың ең бір үлкен рухани анасы болып жүрді. Сондай түп түзу көше, апайдың өзінің жан дүниесі сияқты ғажайып көше, айналасы паркке айналатын керемет көшені беріп жатқан Алматы қаласы әкімдігіне көп көп рахмет айтамыз»,- деді жазушы Мереке Құлкенов.

Айта кетейік, биыл Қазақстанның халық жазушысы, ақыны, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл. Поэзия падишасы 2014 жылы 75-ке қараған шағында көз жұмған еді.

Соңғы жаңалықтар