Алматыда Family тұрғын үй кешенін салуға кім рұқсат бергені анықталып жатыр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде қала тұрғыны 10 жыл бойы ақша жинап, оған «Family» тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алғанын айтты.

«Біз пәтерге 10 жыл ақша жинап, оны Family тұрғын үй кешенінен сатып алдық. Өткен жылдың қазан айында құрылыс салушыларда барлық рұқсат құжаттары болды. Кейін сіз өзіңіз қол қойған барлық құжатты қайтарып алдыңыз. Нәтижесінде құрылыс салушы сотқа берді және сотта жеңді. Алайда, сіз жерді қайтару туралы шешім қабылдадыңыз. Енді Family тұрғын үй кешенінен үй сатып алған мен және 120 отбасы не істеуі керек», - деп сұрақ қойды қала тұрғыны.

Ерболат Досаев Family тұрғын-үй кешені заңсыз салынғанын айтты.

«Ол»Медеу«мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің құрамына кіретін Баум тоғайында орналасқан, оның айналасындағы санитарлық аймақ 1 шақырым жерді қамтиды. Қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Бұл жобаға бұрын кімнің рұқсат бергені анықталуда. Мен бұл тұрғын үй кешенін салуға рұқсат бермедім. Айта кетейін, мен қалада барлық нәрсенің заңға сәйкес жүзеге асуын қалаймын. Бұл жағдай тек Family тұрғын үй кешені үшін ғана емес, қаладағы басқа да тұрғын үй кешендеріне де қатысты. Қазіргі уақытта құрылыс салушылар бізге әртүрлі нұсқаларды ұсынады, яғни, үй қабаттарын азайту, жобаны қайта қарау және т.б. Біз қалада тәртіп орнату жұмыстарын жалғастырамыз, бәрі ережеге сәйкес болуы керек», - деді Ерболат Досаев.

Ол сондай-ақ орынбасары Асқар Амрин аталған мәселемен айналысатынын жеткізді.

«Біз 120 отбасын баспанасыз қалдырайын деп жатқан жоқпыз. Бұл жағдайда мен тиісті түрде әрекет етуім керек. Себебі, мен бұл мәселеге бір рет көз жұмсам, кейін осыған ұқсас және заңсыз мәселелер шыға береді.

Компания өз міндеттемелерін орындасын, үлескерлерге ақшаларын қайтарсын. Кейін біз жобаны қайта қарастырамыз, мүмкіндік болса, оны іске асырамыз», - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.


Соңғы жаңалықтар