Алматыда «ETU Robocon – 2021» робототехникадан жарыс өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «ETU Robocon – 2021» студенттер арасында робототехникадан екінші республикалық чемпионат өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған және «Цифрлық Қазақстан» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын дамыту аясында жүзеге асырылып жатыр.

Жобаның мақсаты – дарынды, талантты жас қазақстандықтарға жаңа технологиялар мен робототехника саласында стартаптар құру, инновациялық шешімдерді әзірлеу, бағдарламалау, инжиниринг және білім мен бағдар беру.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының Алматыдағы өкілдігінің басшысы Сергей Тоқтаров, бұл чемпионат қазақстандық студенттердің өзін-өзі көрсете алатын, робототехникада мықты маман екенін дәлелдейтін тәлімгерлерден беделді қолдау көретін ауқымды алаң екенін атап өтті.

«Қазақстандық жастар мәдениетте, өнерде, ғылымда, зерттеулерде, инновацияда қабілеттерінің жоғары екенін көрсетіп жүр. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры дарынды жас қазақстандықтарды анықтау және қолдау мақсатында осындай жобаларды белсенді түрде қолдайды», - дейді Сергей Тоқтаров.

Чемпионатқа қатысушыларды ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев құттықтап, «ETU Robocon 2021» байқауы жастар арасында робототехникаға қызығушылықты қолдауға және дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Өз кезегінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров робототехника - технологиялық серпілістің негізгі бағыттарының бірі екенін айтты. Бұл чемпионатты әлемдік технология нарығындағы болашақ бәсекелестікке дайындық ретінде қарастыруға болады.

«Алматы – жастар, студенттер қаласы. Іскерлік орталық. Алматы жас таланттар мен батыл бастамаларға әрдайым ашық. Әрқайсыңызға чемпионатта және өмірде сәттілік тілеймін. «Robocon 2021» сізге кәсіби өсуге ықпал ететініне сенімдімін. «ETU Robocon 2021» чемпионатын болашақта әлемдік технология нарығындағы бәсекелестікке дайындық деп санауға болады», - деді қала әкімінің орынбасары.

«ETU Robocon – 2021» чемпионаты – Arduino платформасына негізделген робототехника бойынша студенттік командалар арасындағы жарыс. Бұл жас ғалымдарға роботтарды әзірлеуді нөлден бастауға мүмкіндік береді. Құрастыру мен механикадан, содан кейін электроникадан және роботтың интеллект бағдарламасын жазуға дейін мүмкіндік бар. Осылайша, чемпионаттың әрбір қатысушысы IT, электроника және робототехника саласындағы ғылыммен айналысатын кез келген ғылыми институтта кіші лаборант лауазымына лайықты дайын жас маман боп шығады.

Биыл чемпионатқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Өскемен және Алматы облыстарынан 13 команда қатысуда.

Байқау жеңімпаздары 3D принтер, квадрокоптер, ноутбук және тағы басқа бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Шара «Almaty Arena» мұз кешенінде өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар