Алматыда ескірген 40 шақырым электр желілері жаңартылып жатыр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуінде аудандағы инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аудан тұрғындарын, атап айтқанда, Палладин – Павлодарская – Сельская – Боралдай көшелері мен Кемел шағын ауданының тұрғындарын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 40 шақырым ескірген желілерді реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстар осы жылдың тамыз айында басталды. Қазірдің өзінде 800 тірек орнатылып, 15,8 шақырым кабель тартылды. Палладин – Павлодарская – Сельская – Боралдай көшелеріндегі жұмыстар осы жылдың соңына дейін, Кемел шағынауданындағы жұмыстар 2023 жылдың сәуір айында аяқталады», - деді мегаполис басшысы.

Оның айтуынша, бұл 4 мыңнан астам абонентті үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жылдың соңына дейін Жетісу ауданындағы 6 көшеде жарық жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады.

Бірінші кезектегі жартылай жарық жүргізілмеген көшелерді жарықтандыру мақсатында осы жылдың соңына дейін Жетісу ауданындағы 76 көшеге сыртқы жарықтандыру желісін жүргізу жұмыстары аяқталады.

«Осы жылдың қыркүйек айында сіздермен кездескен кезде Құлагер шағын ауданындағы жылумен жабдықтау желілерінің 1,7 шақырымын реконструкциялау жұмыстарын тездету туралы мәселе көтерілді. Құлагердегі жылу желілерін реконструкциялау қазан айының соңында аяқталды. Құбырлар жер астына ауыстырылды, асфальт қалпына келтірілді, ескі жерүсті құбыры бөлшектеп алынып жатыр», - деді қала әкімі.

Ерболат Досаевтың сөзінше, Қазыбаев көшесі, Рысқұлов даңғылы, Тәтібеков көшесі, Райымбек даңғылы бөлігіндегі ұзындығы 57,9 шақырым сумен қамту желілерін реконструкциялау және канализация салу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл ретте қазылған барлық көшелер биылғы қараша айының соңына дейін тиісінше қалпына келтірілетін болады.


Соңғы жаңалықтар