Алматыда ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үй кешендері салынып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Түрксіб ауданында 35 көппәтерлі үй салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров онлайн брифинг барысында ескірген, тұруға жарамсыз тұрғын үйлердің орнында қазіргі заманғы көппәтерлі тұрғын үй кешендері салынып, ескі үй тұрғындары көшіріліп жатқанын мәлім етті.

Аудан әкімінің айтуынша, Түрксіб ауданында 1209 көпқабатты көппәтерлі тұрғын үй қоры бар, оның ішінде 609 үй ескі тұрғын үй санатында (жалпы ауданы 166 мың шаршы метр 4965 пәтер).

«Осы жылдың бірінші тоқсанында Ақынов, Т. Молдағалиев, Л. Толстой, Сауранбаев көшелерінің квадратында 2 екі қабатты үй бұзылып, оның орнына 7 бес қабатты үйдің құрылысы басталды. Сонымен қатар Осипенко көшесінде 59 отбасын көшіру үшін бес қабатты екі үйдің құрылысы жүруде», - деді Бақытжан Ақжаров.

Сонымен қатар, ол Котельников, Кассин көшелері, С. Сейфуллин даңғылы аумағында құрылыс жүргізуші – «Qazaq Stroy» ЖШС 100 меншік иесін көшіру үшін 2 бес қабатты үй салып жатқанын және тағы 12 үй бұзылатынын атап өтті.

«Ауданның тұрғын үй алаңын кеңейту мақсатында 2021 жылдың соңына дейін жеке инвестиция есебінен 2704 пәтерлі 53 көпқабатты үйді пайдалануға беру, сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2730 пәтерлі тоғыз қабатты 35 үй салу жоспарлануда»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар