Алматыда ескі ғимараттар қайта жаңартылады

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бұрынғы теміржол ауруханасының орнына «Қалалық балаларды оңалту орталығы» ашылады.

Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевтың Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімімен кездесуге келген тұрғындардың бірі бұрынғы теміржол емханасына қатысты мәселені көтерді.

«Мен сәулетші ретінде бұрынғы теміржол емханасының тағдырына алаңдаймын – бұл сәулет ескерткіші. Қазір ғимарат шатырсыз тұр. Оның тағдыры не болмақ?»,- деп сұрады Алмалы ауданының тұрғыны.

Алматы әкімі Ерболат Досаев биыл аталған ғимаратты күрделі жөндеуден өтетінін мәлімдеді.

«Жұмыстар сәулет ескерткішін қалпына келтіруге және сақтауға қойылатын барлық талаптарды ескере отырып жүргізілетін болады. Біз жөндейміз, бәрін ретке келтіреміз. Балаларға арналған заманауи орталық құрайық. Бұл жағдайда біз ғимараттың жалпы көрінісін сақтаймыз. Ғимараттың жөндеу жұмыстары IV тоқсаннан басталады»,- деді қала басшысы.

Бұдан бөлек, ол жыл соңына дейін Әйтеке би көшесіндегі ескі ғимаратты бұзып, ревматологиялық орталықтың орнында 500 келушіге арналған жаңа емхана салу жобасы әзірленетінін айтты. Құрылыс 2024 жылдың көктемінде басталады.


Соңғы жаңалықтар