Алматыда есірткі сатушылар банктердегі 49 шот арқылы ақша алып отырған

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы полицейлері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментімен және Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, мессенджер арқылы есірткі сатқандардың жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Марихуананы жеткізу және сату ағымы бойынша 5 адам анықталды: ерлі-зайыпты жұп, олардың досы, кепілгер және курьер.

«Жедел және тергеу іс-шаралары барысында анықталғандай, жас жұбайлар қылмыстық процесті басқарып отырған. Олар ұйымдастырушы және үйлестіруші рөлдерін атқарған. Кепілгерлер міндетін 1993 және 1995 жылы туған 2 алматылық өзара бөліскен, ал курьер – олардың 25 жастағы серіктесі», - деді ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек министрліктің брифингінде.

Қылмыскерлер есірткі пакеттерін Испания мен АҚШ-тан пошта арқылы алғаны анықталды. Клиенттер төлемді Qiwi әмияны арқылы жасаған.

«Қолма-қол ақшаны алу екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылған. Тергеудің осы кезеңінде 49 банк шоты белгілі болды. Қатысушылардың қылмыстық әрекеттері ресми түрде құжатталды, «құпия сатып алу» жүргізілді, санкцияланған тінту жүргізілді. Бас фигуранттардың пәтерінен 6 млн теңге, SIM-карталар, банк карточкалары, электронды таразылар, сондай-ақ ерекше иісі бар өсімдіктектес заттар табылды. Ұсталғандар қамауға алынды», - деді Шұғыла Тұрлыбек.


Соңғы жаңалықтар