Алматыда есірткі сатумен айналысқан ерлі-зайыптылар сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда синтетикалық есірткі саудасымен айналысқан ерлі-зайыптылар 10 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Полиция департаментінің таратқан мәліметіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу Никляевтардың психотроп заттардың заңсыз айналымына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын анықтаған.

«Олардың қылмыстық әрекеті бірқатар жедел және арнайы шара барысында расталды. А.Никляеваның және оның күйеуі Никляевтың тұрғылықты жерінен ұнтақ заты бар қағаз орама мен полиэтилен пакеттер, есірткіні кейіннен сату үшін орауға арналған құралдар табылып тәркіленді», – деді Алматы қалалық ПД тергеу басқармасы бөлімінің бастығы Әділ Салаев.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, сотталушылардың тұрғылықты жерінде тінту кезінде алынған психотроптық зат – пирролидиновалерофенон екені белгілі болды.

«Қылмыстық істің материалдарынан күдіктілер қылмыстық әрекетті үйінде жасағаны, олардың кәмелетке толмаған екі баласы болғаны анықталды, балалар ата-аналарының заңсыз әрекетіне куә болған, бұл олардың психикасына әсер етті. Қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді», - дейді Әділ Салаев.

Сот үкімімен Никляевтар кінәлі деп танылып, әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.


Соңғы жаңалықтар