Алматыда есірткі дайындап, сақтаған «Mad Men» тобының мүшелері сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда музыкалық топтың мүшелері психотроптық заттар мен есірткіні сату мақсатында дайындап, сақтағаны үшін ұзақ мерзімге сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Q-pop Mad Men» тобының мүшелеріне қатысты қылмыстық топты құру, оған жетекшілік ету, аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды дайындау, сақтау, өткізу фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылы қыркүйек айының басында Х. есімді азамат қылмыстық топ құрған. Оның құрамына 6 адам кірді. Барлығы заңсыз мефедрон психотроптық затының баламасын дайындап, кейіннен өткізіп жіберу үшін есірткі затын (гашишті) сақтап келген. Қылмыстық топтың жетекшісі Х. мефедрон өндіруге арналған құрамдас бөліктерді алумен айналысып, сатып алушылармен келіссөздер жүргізген. Топтың басқа мүшелері Алматы қаласында зертхана ретінде жабдықталған коттедждің жертөлесінде психотроптық заттарды өндіріп, оларды бөлек дозаға салып, құны туралы ақпаратты арнайы құрылған сайттар мен чаттарда жариялаған. Топтың қалған мүшелері Алматыдағы қоғамдық орындарға бетбелгі қоюмен айналысқан.

Сотта прокурор айыптауды қолдап, қылмыстық топтың басшысын 18 жылға, ал қалған қатысушыларды 17 жылдан 17,5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Сот үкімімен Х. ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету, аса ірі көлемде өткізу мақсатында психотроптық заттың аналогын заңсыз дайындау, сақтау, есірткіні электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы ұйымдасқан топтың құрамымен сату мақсатында сақтау қылмыстарын жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған қатысушылардың үшеуіне 16 жыл, тағы біріне 15 жыл, 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сотталушылардың жастары мен бұрын соттылығы жоқтығы жеңілдік түрінде танылды. Сонымен қатар, сотталушы С-ның кінәсін ішінара мойындауы жеңілдететін мән-жай деп танылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты сот қаулысы өзгеріссіз қалды.


Соңғы жаңалықтар