Алматыда Есентай өзенінің бойы абаттандырылып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Медеу ауданындағы аумақтарды абаттандыру және жол жөндеу жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы шаһар басшысы өзінің Іnstagram-дағы парақшасында жазды.

«Екі шағын ауданда инженерлік және жол инфрақұрылымы мәселелері толық дерлік шешілді. «Мұзтау» шағынауданында электр желілері жаңартылып, олар 6-дан 10 кВ-қа ауыстырылды.17 км су құбыры мен кәріз желісі тартылды, оған 274 үй қосылады. Ә. Бейсеуов көшесін жөндеу мен асфальттау жұмыстары аяқталуға жақын. Керей Жәнібек Хандар даңғылынан Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің экопостына дейінгі жолдың ұзындығы 4,6 шақырым болады»,- деп жазды әкім.

Бақытжан Сағынтаев 14,6 шақырымға жуық сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысы аяқталғаннан кейін жолдар қалпына келтіріліп жатқан «Көлсай» шағынауданында болды. Электр желілері қуатты желілерге дейін жаңартылды. 3,7 шақырым жолды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Балқаш» су қабылдағышынан «Көлсай» шағынауданына дейінгі магистральды желі салу бойынша жоба әзірленіп жатыр. 310 үй орналасқан 6 көшеге сыртқы жарықтандыру жүргізілді.

«Есентай өзенінің бойында, су бөлгіштен бастап, Жамақаев көшесіне дейін жаяу жүргінші жолын салу жұмыстары жалғасып жатыр.Оның ұзындығы 4,2 км. Жаңа тереңқұр қазірдің өзінде тартымды орынға айналған. Сыртқы жарықтандыру тіректері және шағын сәулеттік пішіндер, соның ішінде қоқыс жәшіктері, орындықтар орнатылады. Мұнда балалар ойын және спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер көпірлері мен қарау алаңдары болады.Сондай-ақ ұзындығы 6 км болатын су бөлгіштен Медеуге дейін жаяу жүргіншілер аймағының құрылысын жалғастыру жобасы әзірленуде»,-деп атап өтті Алматы әкімі.

Сонымен қатар, ол Омаров көшесінде Достық даңғылынан Луганский көшесіне дейін жаяу жүргіншілер аймағында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар бұл жерде жолды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Бақытжан Сағынтаев жол жөндеу және абаттандыру бойынша жұмыстардың сапасы мен мерзімін бақылауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар