Алматыда Ерлан Қиясов пен Сәдуақас Байғабұлов арасындағы дау-дамай тексерілді

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті ағымдағы жылы Әдеп жөніндегі кеңесінің алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент БАҚ-қа мониторинг жүргізу барысында Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті (СЭБД) басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабұловқа қатысты теріс жарияланымды анықтады.

Жиында мәлім болғандай, Сәдуақас Байғабұлов «Informburo.kz» ақпараттық порталында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері болған Ерлан Қиясовтың қызметіне қатысты Әдеп нормаларымен жанаспайтын пікір білдірген.

«Қызметтік тергеу барысында Е.Қиясовтың Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерін тағайындау туралы бұйрық шығарғаны С.Байғабыловпен әдепке жат сөздердің айтылуына себеп болғандығы анықталды.

Осылайша, С.Байғабұлов тарапынан Әдеп кодексінің 11-тармағының, 12-тармағының 3) тармақшасының талаптары сақталмаған, себебі, мемлекеттік қызметшілер БАҚ-та қате нысанда пікір таластырып, мемлекеттің лауазымды тұлғаларының атына әдепке сай емес пікір білдірген.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің шешімі негізінде С.Н.Байғабұловты «ескерту» түрінде тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ерлан Аңсағанұлы Қиясов өзі берген өтінішке сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі — ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қызметінен босатылған болатын .


Соңғы жаңалықтар