Алматыда еріктілер күн сайын күш құрылымдарына ыстық тамақ таратады
2022 жылғы 17 қаңтар 13:15

Алматыда еріктілер күн сайын күш құрылымдарына ыстық тамақ таратады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева қалада іске асып жатқан қайырымдылық шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол туралы басқарма басшысы Алматы әкімдігінің аппараттық кеңесінде мәлімдеді.

Ең алдымен ол Алматыда аз қамтылған отбасыларды, күш құрылымдары және үкіметтік емес ұйымдарды қолдау шараларын айтты.

«Алматыда 9 қаңтардан бастап «Жақсылық бастауы» қайырымдылық қорымен бірлескен түрде құқық қорғау органдары мен Ұлттық ұланның 1455 қызметкерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Ал «April Group» ЖШС-мен бірге аз қамтылған 200 отбасына азық-түлік жиынтығы үлестірілді», - деді қалалық әл-ауқат басқармасының басшысы.

Сондай-ақ, оның айтуынша мәслихат депутаттары мен жанашыр азаматтардың қаржылай қолдауымен қайырымдылық шаралары жалғасып жатыр.

«572 әлеуметтік осал отбасы мен Қазақ зағиптар қоғамы, «Ана үйі» қоғамдық қоры, «Реванш» қоғамдық қоры,«Жанұя» дағдарыс орталығы, «Тин челлендж» орталығы секілді үкіметтік емес ұйымдарға 8 тоннаға жуық азық-түлік сатып алынды», - деп мәлімдеді ол.


Jańalyqtar

MURAǴAT