Алматыда ерекше балалардың қатысуымен ұлттық инклюзивті ойындар өтеді

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 310 ерекше баланың қатысуымен «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындар өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында және Алматы қаласының орталық стадионында 26-30 қыркүйек аралығында спорттың 6 түрі бойынша өтеді.

Онда шағын футбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, голбол, бочча, бес тас және асық ату ұлттық ойындары қамтылады. Қатысушылар саны - 310 бала.

«Жұлдызай» ойындары Мәдениет және спорт министрлігінің 2022 жылғы спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай күнтізбелік жоспарына енді.

Ойын жеңімпаздары халықаралық жарыстарға қатысып, спорттық разрядтар ала алады.

«Биылдан бастап «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарына айналған спартакиада еліміздегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысатын жалғыз кәсіби спорттық жарыстар болып табылады»,- деп хабарлады әкімдіктен.

«Жұлдызай» корпоративтік қоры көп жылдар бойы ерекше балалардың өмірін жақсартуға, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған шығармашылық, спорттық, медициналық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді.


Соңғы жаңалықтар