Алматыда элиталық үй иелері бюджетке 30 млн теңге қарыз

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда элиталық үй иелері бюджетке 30 млн теңге берешек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медеу аудандық мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, бүгінгі таңда, аудандағы жеке тұлғалардың мүлік салығы бойынша берешегі 77,8 миллион теңгені құрайды. Оның жартысына жуығы немесе 31 миллион теңгесі элиталық тұрғын үй кешендерінде орналасқан пәтерлерге тиесілі.

Мәселен, «Евроополис» тұрғын үй кешеніндегі 39 пәтердің қарызы 3,2 млн теңге, «Koktobe city» тұрғын үй кешені - 2,9 млн теңге, «ILe De France» тұрғын үй кешені - 2,5 млн теңге, «Exclusive Residence» және «Тау Шатыр» тұрғын үй кешенінде орналасқан 10 пәтердің берешегі 1,8 млн теңгеге жеткен.

Сондай-ақ, борышкерлердің тізіміне бірнеше пәтері бар адамдар кіреді.

Барлық борышкерлерге қарызды қайтару туралы хабарлама жіберілді. Алайда, бүгінгі күнге дейін қарыз өтелмеген.

Бюджетке берешегі бар тұлғалар бойынша іс материалдарын сот орындаушыларына беру туралы салық бұйрықтары әзірленіп жатыр.

Өз кезегінде сот орындаушылары барлық борышкерлерге қатысты шаралар қолданады, оның ішінде қарызды өндіру үшін банк операцияларын тоқтатады, салық төлеушілердің шетелге шығуына тыйым салады.

Сонымен қатар, борышкер салық берешегін төлегеннен кейін сот орындаушыларының қызметтеріне жиналған соманың 25% -на дейінгі мөлшерде төлеуге, сондай-ақ әрбір кешіктірілген күн үшін ресми қайта қаржыландыру ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті.


Соңғы жаңалықтар