Алматыда еліміздің үздік құсбегілері бас қосты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының ипподромында ұлттық спорт түрінен «Қыран-2018» атты құсбегілердің республикалық турнирінің іріктеу кезеңі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ақпараттық және спорттық ХАБ-қа сілтеме жасап.

Руxани жаңғыру аясында өтіп жатқан киелі жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері, «Қыран» федерациясының өкілдері және ұлттық спорт түрлерінің жанашырлары қатысып, құттықтау сөздерін жеткізді.

«1988 жылы Алматының Орталық стадионында тұңғыш рет қазақ құсбегілерімен қатар,  көршілес қырғыз, түрікмендер қатысқан Халықаралық бүркітшілер фестивалі ал, 1989, 1990 жылдары Наурыз  мейрамы аясында Алматы ипподромында бүркітшілердің республикалық  сайысы өтіп еді. Содан бері, отыз жылға жуық мерзімде Алматы қаласының аспанында киелі Қыранның самғауын халқымыз тамашалаған жоқ. Міне, бүгін еліміздің он аймағынан Алматыға бақ сынасуға келген бүркітшілерге алғысымызды білдіреміз», - деп тілек білдірді «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы.

Айтулы доданың басты мақсаты осынау жақсы үрдісті еліміздің мәдени, рухани ордасы - Алматы қаласында қайта жаңғыртып, қолға алу мақсатында, биылдан бастап Қыран құс баптаушылардың жарысын өткізуді дәстүрге айналдыру.

Республикалық турнирге Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Астана қаласынан 60-қа жуық құсбегілер қатысуда.

Бүгін бірінші іріктеу кезеңінде көрермендер құсты ат үстінен қолға шақыру, шырға тарту сияқты құсбегілер мен бүркіттердің керемет өнерін тамашалады. Ал жартылай финалда іріктелген бүркіттер шешуші кезеңде қоянға, түлкіге салынса, жарыстың екінші кезеңінде қаршыға мен ителгілер қолға шақырылады, көгершінге, қоянға жіберіледі.
null 

Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне ешқандай шектеу жоқ, тіпті, 12 жастағы баладан 70 жастағы ақсақалдар да баптаған бүркіттерімен сынға түсті. Олардың ішінде ең жас құсбегінің бүркіті өзімен жасты екен.

«Менің жасым 12-де, бүркітім де шамамен сол жаста, есімі Дауыл. Осындай республикалық сайысқа бірінші рет қатысып жатырмын. 8-9 жасымнан бастап құсбегілікпен айналысамын. Әкем бүркіт баптауды үйреткен, содан бері осы іске әуестене бастадым. Жалпы бүркітімді күнара таза, тұздалмаған етпен асыраймыз. Оқуыма бөгет болмайды, өйткені бос уақытымда айналысамын, негізі әкем бүркітті асырайды. Үйге олжамен ораламын деген ойдамын», - деді Алматы облысынан қатысушысы Ерсұлтан Жұмағұл.
null 

Республикалық турнирдің үздіктері ақпанның 10-ы  күні анықталады.  Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының және «Қыран» федерациясының атынан медальдармен, мақтау қағаздарымен марапатталады.
null 

Соңғы жаңалықтар