Алматыда «Электрондық балабақша» жүйесі енгізіледі

None
None
Алматы. ҚазАқпарат - Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова «Электрондық балабақша» жүйесін енгізу туралы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңа оқу жылында «Электронды балабақша» жүйесін енгізу жоспарлануда. Ол білім беру мекемесіндегі ас мәзірі, сабаққа қатысу, балалардың даму деңгейін бақылау және мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысындағы ашықтық сияқты жұмыстарды онлайн режимінде бақылауға мүмкіндік береді», - деді Алматы қалалық білім басқармасының бастығы Гүлнәр Қожабергенова білім беру қызметкерлеріне арналған форумда.


Ол мектепке дейінгі мекемелердегі шешілмеген проблемалар жергілікті атқарушы органның жеке секторда мониторинг жүргізу мүмкіндігінің жоқтығымен байланысты екенін атап өтті.


«Білім басқармасы 2018–2019 оқу жылында мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшалардың қызметіне мониторинг және талдау жүргізді. Нәтижесінде мемлекеттік стандартты орындау, балаларды қабылдау және келісімшарт міндеттемелерін орындау, сондай-ақ санитарлық жағдай мен қамтамасыз ету сапасына қатысты бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Бұл мәселені шешу үшін мониторингтік топқа үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңестердің өкілдерін қосу арқылы жекеменшік мектепке дейінгі мекемелердің қызметіне қоғамдық бақылауды енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймын », - деді Гүлнәр Қожабергенова.


Оның деректерінше, биыл жеке балабақшаларға 5 миллиардтан астам теңгеге мемлекеттік тапсырыс берілді.


Форумға Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Алматы қаласының Білім департаментінің өкілдері қатысуда.


Форумда 2018-2019 оқу жылының қорытындысы шығарылып, 2019-2020 оқу жылына арналған стратегиялық міндеттер айқындалады.


Соңғы жаңалықтар