Алматыда электр энергиясы қымбаттады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда электр энергиясы қымбаттады. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Болат Сәмбетов брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Болат Сәмбетовтың айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр қуатының тарифі аздап көтерілді.

«Өткен жылдың соңында «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС бағаны көтеру туралы өтініш жасады. Нәтижесінде тариф 4,6% қымбаттап, тұтынушылар әр киловатт үшін енді бұрынғыдай 16 теңге 36 тиын емес, 17 теңге 12 тиын төлейді. Мұндай шешім қабылдауға электр қуатын жеткізетін алпауыт компаниялардың қызмет құнын өсіруі себеп болды. Нақтырақ айтқанда, «Жаңартылатын энергия көздері бойынша есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС электрмен жабдықтау қызметтеріне тарифті 30%-ға, «KEGOC» желілері арқылы электр энергиясын жеткізу бойынша қызмет 12% -ға, «ҚТЖ» АҚ қызметтерінің 2%-ға қымбаттауы», – деп түсіндірді Болат Сәмбетов.

Оның айтуынша, қазір қаладағы суық су тарифі – 42,8 теңге, кәріз суы – 23, 13 теңге, жылу бағасы – 3365 теңге, газ – 26,5 теңге.

«Өткен жылы тұрғындарға жылу тарифі 18 пайызға төмендеді. Биыл жылу тарифтері көтерілмейді деп үміттенеміз, өйткені біз бұл жерде тарифтің көтерілуіне ешқандай себеп жоқ»,– дейді ол.

Бұған дейін, департамент басшысы Алматыда ақпаннан бастап судың тарифі 4%-ға арзандағанын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар