Алматыда «Елбасы медалі» жобасына 578 үміткер тіркелді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Елбасы медалі» республикалық жобасына 578 үміткер тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы медалі» бағдарламасын «El Úmiti» бастамасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры және «Елбасы академиясы» Корпоративтік қоры жүзеге асырады.

Бағдарламаның негізгі символы - жетістіктің 7 жебесіне баланған. Ол - жасөспірімдердің қабілетін дамытуға, жас қазақстандықтардың рухын биіктетуге, жаңа ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған спорт, дарындылық пен дағдыны дамыту, кітап оқу, волонтерлік, ұлттық мұра, туристік және жұмыс тәжірибесі. Мәселен спорт болса, оның түрін қатысушы өзі таңдайды.

Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы балалар мен жастарға арналған. Ол үш деңгейде болады: қола, күміс және алтын. Қола 14 жастан бастап, күміс 15 жастан бастап, алтын 16 жастан бастап қатысушыларға белгіленетін болады. Әр деңгейде қатысушылардың сабақ ұзақтығы мен жиілігіне қойылатын талаптар ұсынылған. Әр деңгейде қатысушылардың сабақтарының ұзақтығы мен жиілігіне талаптар қойылады. Қола деңгейге жету үшін - 6 ай, күміске - 12 ай, алтынға 18 ай қажет.

Айналасындағы әлемді және өмірін түбегейлі өзгерткісі келетін балалар мен жастар үшін әдістемелік және ұйымдастыру жүйесі Қордың қолдауымен құрылды. Қатысушылар өздерінің жетістіктерін бағалайтын тәлімгерлермен араласады.

«Қойған мақсатына жетпей қоймайтын әрбір жас қазақстандықтың Елбасы медалін иеленуге мүмкіндігі мол. Жоба алдағы уақытта білімді және табысты жас азаматтың символына айналатынына сенімдіміз. Ол болашақ түлектерді отандық жоғары оқу орындарына түсуге ынталандырады. Медаль иегерлері баллдары тең болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім беру гранттарын алуға басым құқыққа ие болады. Менің ойымша, бұл тамаша жаңалық. Біздің өңірдің білім беру мекемелерінің барлық басшыларына осы қызықты бағдарламаға назар аударуды және ол туралы өз оқушылары мен студенттеріне міндетті түрде айтып беруді ұсынамын. Біздің өңір «Елбасы медалі» бағдарламасының үздік қатысушылары қатарында болады деп үміттенемін», - деді Қайрат Жұманов.

Оның айтуынша, Алматыда бағдарламаны жүзеге асыруға барынша жағдай жасалған.

«Алматы әкімі осы мақсатта қажетті қаражат қарастырды. Бағдарламаға қатысуға 578 адам тіркелді. Қаладағы барлық білім мекемелері басшыларына осы бағдарламаға барынша мән беруді ұсынамын», - деді ол.

Қазақстан бойынша қазір бұл челленджге қатысуға 6000 адам ұсыныс берген. Биыл бағдарлама 17 мың адамды қамтиды.

Қазіргі жағдайда адамның жетістігі тек қана кәсіби деңгейде ғана емес. Soft skills (эмоционалды интеллект, көшбасшылық, жауапкершілік, өзін-өзі басқару, бейімделу жылдамдығы, әдептілік) болуы маманға деген сұранысты, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. «Елбасы медалі» бағдарламасы - қатысушылардың осындай қасиеттерін арттыруға бағытталған.

Көрсетілген нәтижелер негізінде бағдарлама қатысушылары алтын, күміс және қола медальдермен марапатталады.

ҚР заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша, егер жинаған балы өзгелермен тең болған жағдайда, «Елбасы медалі» иегерлері білім грантын алуға, сонымен қатар жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алып жатқандардың құрамына енуге құқылы.

Бағдарламаға қатысу үшін me.fpp.kz сайтында тіркелу қажет.

Қосымша ақпарат алу үшін 7170 сall-орталығына хабарласуға балады.


Соңғы жаңалықтар