Алматыда экономиканың қай секторына басымдық беріледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев келер жылдары экономиканың қай саласын дамытуға басымдық берілетінін Almaty Investment Forum форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының айтуынша, Алматы – жаңа Жібек жолында орналасқан ірі көліктік логистикалық және туристік хаб, іскерлік орталық.

«Осы мақсатта өңірлік және халықаралық нарықта сұранысқа ие секторларды дамытуға басымдық беріледі. Бірінші кезек ол қаржы және сақтандыру нарығы, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, логистика мен дистрибуция салалары. Осы салаларда Алматының мүмкіндігі жоғары, білікті мамандар мектебі қалыптасқан, өсу перспективасы бар. Алдағы уақытта экономика құрылымында дәл осы салалардың үлесін арттыратын боламыз», - деді әкім Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, қала басшысы инвесторлар үшін тартымды салалар қатарында жылжымайтын мүлік, медицина, білім беру инфрақұрылымы, жол құрылысы, коммуналды шаруашылық салаларын да атады.

«Қалада жылына 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп жатыр. Бұл көрсеткіш жылда артып келеді. Халық санының өсуіне байланысты сапалы, қол жетімді баспанаға сұраныс артып келеді. Сондықтан әкімдік тұрғын үй құрылысы саласын ынталандыратын болады. Құрылыс компанияларының несиелеріне пайыздық жеңілдік беріп, инженерлік құрылым тартып беру сияқты жеңілдік ұйымдастырады. Бұл жерде маңызды құрал ретінде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті қолдануға болады. Құрылыс материалдарын өндіру үшін Алматы индустриалды аймағының әлеуетін пайдалануды ұсынамыз», - деді Сағынтаев.

Айта кету керек, бүгін Алматыда инвестициялық форум басталды. Форум сессияларында белгілі саясаткерлер, экономистер, қаржыгерлер, әлемдік стартап жобалардың авторлары өз тәжірибелерімен бөлісіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар