Алматыда екінші халықаралық жазушылар форумы басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екінші халықаралық жазушылар форумы басталды. Форумда сарапшылар көркем әдеби аудармалар мен жазушылардың байланысы жөніндегі проблемаларды талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық шараға 18 мемлекеттен 81 делегат қатысуда. Франция, Германия, АҚШ, Англия, Түркия, Қытай, Моңғолия, Ресей, Марокко, Литва, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және басқа да елдерден келген жазушылар, публицистер, аудармашылар, әдеби сыншылар, суретшілер көркем әдеби аудармадағы проблемаларды көтерді.

«Осы форумда біз өте маңызды тақырыпты қозғаймыз. Яғни көркем аудармаға арнаймыз. Жазушылардың барлығы дерлік күндердің күнінде аударма проблемасына бетбе-бет келері анық. Жазушылар ұлттық әдебиетті жасаса, аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды деп бекер айтылмаған»,-деді қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин.

Алқалы форумның жұмысы мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған. Қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің пікірінше, ұлттық әдебиетті жаңғырту үшін алдымен халықаралық байланыстар орнату қажет. Форум тақырыбының «Әлемді ашу – әлемге ашылу. «Көркем әдеби аудармалар мен жазушылар байланысының проблемалары», - деп аталуы да сондықтан.

«СССР күйреген соң бүкіл әлемде совет халқының мәдениетіне деген қызығушылық күрт құлдырады. Соңғы 25 жылда біздің екі-үш әдебиетшіден өзге бірде-бір танымал қазақ жазушысы әлемдік деңгейден көріне алмады, өйткені өзге тілге аударылған шығармасы жоқ», - деді ол.

Форумға қатысушылар, бұл халықаралық шара жазушыларды жақындастырып, олардың кәсіби қызығушылығын арттырып, өзге елдердің заманауи әдебиетін білуге, аудармашылар мен әріптестер табуына ықпал ететініне сенімді.

Соңғы жаңалықтар